«Семей орманы» басшылығы орман өртіне қатысты пікір білдірді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - «Семей орманы» табиғи резерваты аумағындағы өрт шығуына қатысты қорықтың бас директоры Мұрат Дәулетов пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетсек, 21 мамыр күні сағат 14.00-де «Семей орманы» табиғи резерваты аумағынан өрт шығып, қарағай орманы өртенген еді. 

Өрттің жалпы аумағы 300 шаршы метр. Тілсіз жауды сөндіруге 350 адам және 40 арнайы техника жұмылдырылды. Қазір өрт толық өшірілді. Дегенмен мамандар кезекшілік атқарып, ормандағы жағдайды бақылауда. Өртенген аумақ қайта қалпына келтірілетін болады. Әзірге шығын көлемі белгісіз. Мұны арнайы комиссия есептейді.

«Сағат 13.50-де Энергетик ауданындағы өрт бақылау мұнарасы аумақта түтін шыға бастағанын байқаған. Сағат 14.08-де өрт сөндірушілер өшіруге кірісті. Бізге қосымша көмектің қажет емес екенін айтты. Бірақ, өрт ұшқыны тарап, одан сайын күшейген. Қою түтіннен ештеңе көрінбей, қай жер жанып жатқанын анықтау қиынға түсіп кетті. Сондықтан 2 тікұшақты көмекке шақырдық. Сағат 19.50-де өртті сөндірдік. Айта кету керек, өртті өшіруге қатты жел де кедергі келдірді. Қазір оқиға орнында бақылау жүргізіліп, мамандар жұмыс істеп жатыр», - деді «Семей орманы» табиғи резерватының бас директоры Мұрат Дәулетов.

Мамандар өрттің шығуына адам кінәлі деген болжам жасап отыр. Жаз шықса, орманға демалуға келетіндер саны артады. Бірақ, тұрғындар өрт қауіпсіздік ережелерін сақтаймайды. Қоқыс қалдықтарын жағып, темекі тұқылын тастап жүре береді. Сондықтан орман шаруашылығының басшылығы тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. 

Соңғы жаңалықтар