Семей қаласының жаңа гербі бекітілді

None
None
CЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының орталығына айналған Семей қаласының жаңа гербі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Семей қаласы мәслихатының кезекті 25-ші сессиясы өтті. Онда депутаттар шаһар гербін бекітті. Гербтің шеңбер түрінде болуы мәңгіліктің символын айшықтайды.

«Жасыл түс - табиғаттың, үйлесімділік пен тепе-теңдіктің символын білдіреді және ол қайта жаңғырумен байланысты. Геральдика заңдары бойынша күн өмір жолын сипаттайды. Гербтің ішінде - бақыт символы түріндегі ою-өрнекпен көмкерілген шаңырақ бейнесі бейнеленген», - деп хабарлады қала әкімдігі.

Төрт бөліктің арасында кітап, қарағай, түйе және көпірдің сұлбасы бейнеленген. Кітап Семей қаласын Қазақстанның рухани-мәдени орталығы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың Отаны ретінде бейнелейді.

«Шаңырақтың сол жақ бөлігінде орналасқан қарағай суреті өңірдің табиғи бейнесінің ажырамас бөлігі ретінде көрсетілген. Себебі Семейде бірегей қарағай орманы орналасқан. Түйе – ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесі іспеттес. Революцияға дейін Семей қаласы Ресей мен Батыс Қытай қалаларының сауда орталығы болған және Жібек жолының бөлігі саналған. Жаңа көпір - заманауи жетістіктердің көрсеткіші және қаланың көрікті жері саналады», - делінген ақпаратта.

«Семей» атауы символдың төменгі жағында орналасқан және алтын әріптермен жазылған. Алтын түс - әл-ауқат пен өркендеудің символы. Сары және көк түстің араласуы жасыл түске айналып, жомарттықтың, жанданудың және жақсы істің бастамасының символын білдіреді.

«Бейбітшілік» аралының «Түйемойнақ» стеласындағы жеті қарлығаштың бейнесі – қырық жылғы атом сынақтарын жеңгенінің айқын көрінісі. Қазақ халқы үшін жеті саны қасиетті, «Жеті ұрпақ», «Жеті Қара» және тағы да басқа көптеген ұғымдар осы санмен байланысты.

Осылайша, Семей қаласының жаңа гербінде қаланың рухани, тарихи, табиғи және заманауи келбеті көрініс тапқан. Гербтің авторы - қалалық мәдениет сарайының қоюшы суретшісі Ерлан Әмірбек.


Соңғы жаңалықтар