Семей қаласын дамытудың Бас жоспарын жаңарту қажет - Президент

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесуінде өңірдің туристік әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Өңірде мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін мүмкіндік зор. Мысалы, теңізге шыға алмайтын ең ірі ел ретінде Қазақстан үшін біздің аумағымызда жердің құрлықтық полюсі орналасқандығы маңызды. Абай облысы Жидебай шатқалындағы Ұлы Абай музей-үйі жанында «Еуразия құрлығының орталығы» ескерткіш белгісі орналасқан. Біздің халқымыз үшін бұл қасиетті орын және осыған ұқсас географиялық құбылыс тек ішкі ғана емес, шетелдік туристер үшін де тартымды болатынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Семейдің еліміздің тарихи орталықтарының бірі ретінде бай мәдени байлығымызға ұқыпты қараудың үлгісі болуға тиістігін айтты. Сонымен бірге, облыс құрылған соң қаланың белсенді дамитынын атап өтті.

«Өңірдің туристік әлеуетін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – инфрақұрылымды дамыту. Ең алдымен, жол мәселесін шешу қажет. Туристерді тартатын орындарға кедергісіз және ыңғайлы жетуді қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, коммуналдық желілермен байланысты мәдени нысандар мәселелерін шешу қажет. Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыруға ерекше назар аудару керек. Жаңа мәртебесін ескере отырып, Семей қаласын дамытудың Бас жоспарын жаңарту қажет», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар