Семей әкімі қоқыс шығару тарифінің өсуіне қатысты түсінік берді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов қоқыс шығару тарифінің өсуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың қаңтарында жаңаэкологиялық кодекс қабылданғаны белгілі. Сондай-ақ 14 қыркүйекте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің №377 бұйрығымен тұрмыстық қатты қалдықты жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифті есептеу әдістемесі бекітілді. Осыған байланысты, дәл осы уақыттан бастап бізде тарифті қарауға және коммуналдық қалдықтардың пайда болу және сақтау нормаларын әзірлеуге кірісу мүмкіндігі пайда болды», - деп жазды әкім Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, осы уақыт ішінде арнайы құрылған жұмыс тобы коммуналдық қалдықтарды басқару бойынша бағдарлама әзірледі.

«Бұл құжат білікті және жан-жақты сараптамалық қорытынды шығару үшін әртүрлі сарапшылардың қарауына жіберілді. Жұмыстың нәтижелері айдың соңына дейін алынады деп күтілуде. Әзірленген іс-қимыл алгоритмі бойынша желтоқсан айының басында не ортасында бұл мәселе мәслихат сессиясының бекітуіне шығарылатын болады. Тарифтерді қарастыру мәселесінің өзектілігіне байланысты, Семей тұрғындарын Egov мемлекеттік порталындағы талқылауға қосылуға және ұсынылған шешімдерге қатысты пікірін білдіруге шақырамын», - деді әкім.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде қоқыс шығару тарифі өсуі мүмкін екендігін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар