Семей әкімі әуежай ғимаратының жекеге сатылып кетуіне қатысты түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей әуежайының жекеменшікке сатылып кетілуіне байланысты ондағы қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылды. Мұндай тапсырманы қалаға сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

7 ақпан күні халықпен есептік кездесуі барысында Семей қаласының  әкімі Ермак Салимов әуежай ғимараты айналасындағы дау-дамайды түсіндіріп, стратегиялық нысанның жекеге өтуіне кімнің кінәлі екендігін айтып берді.

 «Семейде «Семейавиа» фирмасы жұмыс істеген. Оған бір кездері әуежайдың ғимараты да тиесілі болды. Қазір бұл компания банкроттық процедураларынан өтіп жатыр. Мұнымен банкроттық басқарушы айналысуда. «Семейавианың» балансында болған жекелеген нысандар - ұшып-қону жолағы және әуежай ғимараты жаңғырту жобасына енген еді. Банкроттық басқарушымен әу-баста келісім болды. Ол сауданы жариялап, әуежай мүлкін мемлекет меншігіне, яғни «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансына беретіні айтылды. Бюджетте аталмыш нысандарға құйылуы тиіс қаражаттар да қарастырылған болатын. Сауда өтті, бірақ банкроттық басқарушы мүлікті мүлдем өзге тұлғаларға сатып жіберді. Мемлекетке емес, әлдебір ЖШС-ға», - деді Семей әкімі.

Атап өтілгендей, бүгінгі күні әуежай ғимаратын мемлекет иелігіне қайтару бойынша тиісті сот процедуралары жүріп жатыр.

«Себебі, әуежай - стратегиялық нысан. Нысанның иелері өз шарттарын қоятын жағдайлар да туындауы мүмкін. Мысалға, жолаушылар тасымалы бойынша. Мұндайға жол берілмеуі тиіс. Сол себепті, аталмыш келісімді заңсыз деп тану туралы сотқа арыз-шағым түсірілді. Әуежай ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылатын болады», - деп хабарлады Ермак Салимов. 

Соңғы жаңалықтар