Сел қаупіне қарамастан Алматы облысының тауларында 600-ге жуық бала демалыстарын жалғастырып жатыр (ФОТО)

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Іле Алатауы жотасының Талғар, Есік, Түрген өзендерінің көлдері, бассейндерінде мұздықтардың еруі мен булануы әсерінен мұздық немесе қар жамылғысы массасының азаюы байқалып отыр. Сондай-ақ лайлы сел қалыптасуының мүмкіндігі сақталуда. Бұл туралы аэровизуалдық зерттеу өткізілген соң Талғар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Руслан Әбдіқапаров мәлім етті.

Оның айтуынша, егер таудың жоғары аймақтарындағы мұздықтардың қарқынды еруіне алдағы жауын-шашындар да қосылса, өзендердің барлық бассейндері бойынша сел жүруі мен еріген жаңбыр суының тасуын болдырмау мүмкін емес болады.

«Сол жақ Талғар өзеніндегі жағдай да күрделі болып қалуда. Жүруі мүмкін сел көлемі секундына 5-10 мың текше метрді құрап отыр, суды өткізуге арналған Талғар тоғанынан су үнемі жіберілгенімен, сел қаупі сақталып отыр. 2015 жылдың 29 шілдесінде Талғар өзені бойынша су шығыны - 28,6 м3/сек», - деп хабарлады Руслан Әбдіқапаров.

Осы арада «Марал сай» және «Спутник» балалар лагерлерінде 547 бала мен олармен бірге еріп келген ересектер мен техникалық қызметкерлерден тұратын 132 адам қалып отыр. Жоғарыда аталған балалар мекемелерінің басшылығына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында демалушыларды 2015 жылдың 29 шілдесіне дейін жедел қауіпсіз жерге көшіру туралы ескертулер берілгенін атап өту керек.

Қазіргі уақытта облыстық ІІД күшімен жолдардың қауіпті учаскелері жабылып, патруль жүргізіліп келеді.

Қауіпті учаскелерде бірлескен қадағалау жұмыстары жалғастырылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар