Сексеннің сеңгірінен асқан әжей шпагатқа қалай отырды – немересінің әңгімесі

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Кәмәлбек әже Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында тұрады. Былтыр 84-ке келген кейуананың әлі де қимылы ширақ, санасы сергек. Оны аз десеңіз, тіпті шпагатқа да отыра алады. Кеңес заманында колхозда еңбек еткен ол трактор сынды техниканың түр-түрін айдаған. Жетпіс жасына дейін ешкімнің көмегін күтпей дүкеннен 25 келі қантты немесе ұнды үйге өзі көтеріп әкеліп жүріпті.

Кәмәлбек Қайырғазина 1938 жылы 3 маусым күні Самар ауданы Үлгілімалшы ауылында туған. Ес білгелі бері Көкжота ауылында тұрады.

«Ол уақытта заман басқа. Мынау еркектің, анау әйелдің жұмысы деген жоқ. Ауыр жұмыстан қашпайтынбыз. Кезіндегі «Жамбыл» деген колхозда еңбек еттім. Трактордан бастап, ауылға келген түгел дерлік техниканы айдап шықтым. Еске алып отырсам, тек тұқым сепкішке ғана отырмаған шығармын», - дейді әжей.

Ұзақ жылдық еңбегі еленіп, «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері атанған. Құдай қосқан қосағының аты – Қалымбек. Екеуі 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір сол атұстарларынан 8 немере сүйіп отыр.

«Апамның емшілік қасиеті де бар. Бірақ, оны ешқашан жұртқа жариялап, сыртқа шығарған емес. Тек ауыл-аймақтағы қолы сынған, аяғы шыққан, тобығы тайған, көз тиген, кейде ауруханадағы ақ халаттылар гипспен қате орап берген науқастарды емдейтін. Үйімізге сондай кісілер жиі келетін еді. Баласын ұшықтатып алуға, жоғалған малына, алыстан жолға шыққан жолаушының амандығына құмалақ аштыратындар көп болды. Көкпар ойнап жүріп бір жері майып болған, төбелесте аяқ-қолы сынған жігіттер немесе аттан құлағандар да есігімізді қағатын», - дейді немересі Аян Қалымбек.

Үнемі қозғалыста болғаннан шығар Кәмәлбек әже әлі де тың. 70 жасына дейін ешкімнің көмегін күтпей дүкеннен 25 келі қантты немесе ұнды үйге өзі көтеріп әкеліп жүріпті.

«Жүн жуып, оны сабап, одан кейін түтіп, ұршық иіріп, тоқыма тоқығанды жақсы көретінмін. Қазір көзім нашар көре бастаған соң, амал жоқ қойдым. Тігін машинасымен тіккен талай құрақ көрпелерім қазір үйде тұр. Осыдан 9 жыл бұрын (2014 жылы) бөлмемдегі шкафтың үстінде тұрған шабаданды аламын деп төсекке шығып, одан құлап, қолымды сындырып алдым. Тура сол кезде үйде ешкім жоқ еді. Немерелер сабақта, отағасы мал суарып далада жүрген. Шынтақтан төмен жілігім морт сынып, саусақтарым кейін қайырылып қалған ғой. Босағаға сүйеніп, қолымды кеудеме қатты қысып тұрдым да, қайырылып қалған 4 саусағымды білекпен қосып тартып қалдым. Сырт етіп орнына түсті. Сосын барып телефонды алып, ұлыма хабарластым», - дейді кейуана.

Аян немересі – суырып салма ақын. Облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Қазір Өскемендегі «Әкелер мектебінде» домбыра пәнінен сабақ береді. Оның сөз өнерінде қанат қағуына әже тәрбиесі сеп болған.

«Тілім ерте шықты. 1-ден асқан соң 14 жасыма дейін апамның қойнында жаттым. 3 жасымнан бастап неше түрлі тақпақтар жаттатып, кітап оқытқызатын. Солардың барлығы әлі есімде», - дейді немересі.

Кәмәлбек Қайырғазинаның туысқандары мен ауылдастары көп біле бермейтін тағы бір қыры бар. Ол – бау-бақша ісін жақсы көретіндігі.

«Өзіме қатты ұнайды. Құрма, өрік, апельсин, лимон, шабдалы, жүзім секілді жемістердің сүйектері қолыма түссе, бақшаның бір бұрышына еге саламын. Сол тастаған дәндер өсіп шыққанын көргенде ерекше қуанамын. Әлі күнге дейін жыл сайын жаз бен күзде үйдің артында өсіп тұрған тошала, таңқурай, қарақат, рауағаштарды жинап алып, тосап қайнатамын. Бірақ, өнерден өте алыспын. Өмір бойы тек еңбекті жанымызға серік еттік», - дейді зейнеткер.

Енді Кәмәлбек әженің шпагатқа қалай отырғаны жайлы сөз етейік. Бұл оқиға 2021 жылы болыпты. Ол жайлы немересі әңгімелеп берді.

«Қараша айының орта шенінде апам екеуміз Астанаға баратын болдық. Такси тауып, келісілген уақытта «Toyota Alphard» көлігіне отырдық. Жүргізуші көлік ішін толтырып сәлемдеме жинап алған екен, апам екеумізден басқа ешкімді алмады. Дәл сол күні кешке қар аралас жаңбыр жауып, күн райы күрт нашарлап кетті. Мен көліктің алдыңғы орындығында отырмын. Апам артқы орындықта көлденең жатыр. Бәрінен бұрын «апамның белі ауырмай баратын болды» деп қуанып келемін», - дейді ол.

Павлодарға жете бергенде олар әжетханаға тоқтаған. Бірақ, әжейді түсірейін дегенде, есік ашылмай қалыпты.

«Автоматты түрде ашылып-жабылатын есікті ішінен жүргізуші, сыртынан мен итеріп, тартқылап, жұлқыладық. Қар аралас жаңбырдан мұз болып қатып қалыпты. Көліктің төбесі, артқы есіктері мен терезелері бір қабат мұз астында. Болмаған соң жүк салғышқа жүгірдік. Жүк салғышы да тас болып қалған. Күшке салсақ сындырып алатын түріміз бар. Енді не істейміз? Апам қалай шықпақ? Сол кезде жүргізуші мен отырған алдыңғы орындықты еңкейтті. Соның өзінде дөңкиіп, сандық секілді болып қалды. «Әй, апам бұдан аттай алмайды-ау» деп басқа амалын іздеп дағдарып тұр едім. Алдыңғы есік ашық болатын. Бір уақытта апам сол аяғын созып жіберді де, оң аяғын артына қалдырып, еңкейтіп жатқызып қойған алдыңғы орындықтың бетімен сырғып келе жатыр. Жылжып-жылжып табалдырыққа да сол аяғы тиді әйтеуір. Одан соң артында қалған оң аяғын жинап алды да, асықпай еппен далаға шықты. Аузым ашылып қалыпты. Таза шпагатқа отырып шықты. Әйтпесе, аттай салатын ұзын бойлы кісі емес. Апам қайтып келгенше, ана құрғыр есікті қанша жұлқыласақ та аша алмадық. Отырғанда да дәл сол әдісімен оң аяғын бірінші кіргізіп, сол аяғын далада қалдырып, шпагатқа отырып кірді», - дейді Аян Қалымбек.

Оның айтуынша, апасының мінезі жұмсақ, үнемі сабырлы қалпынан танбайды. Немелеріне әркез «Біреудің ала жібін аттамаңдар. Адам баласына кесірлеріңді тигізсеңдер, жамандық міндетті түрде қайтып келеді» деп отырады екен.

«Мен апаммен мақтанамын, оны үлгі тұтамын. Хабарласып, ақыл-кеңес сұрап, жеткен жетістіктерімді айтамын. Маған тілеулес болып, жол нұсқайды, бағыт береді. Қазыналы қарттарымыз аман болсын!» - дейді немересі.

Фото: сұхбат берушінің жеке қорынан


Соңғы жаңалықтар