Сексен жастағы волонтер: Қарттар белсенді болып, қоғамға еңбек сіңіруі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастар жылының ізін ала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» болып жарияланғаны белгілі. Әдетте «волонтер» деген кезде көз алдыңызға қолына шағын ту, үстіне бірыңғай айрықша киім киген жастар елестейтін болар. Елордадағы «Expo 2017» көрмесіне бір кісідей атсалысқан белсенді жастардың арқасында волонтерлердің бейнесіне көзіміз үйреніп, тұрпаты санамызда қалыптасып та қалды. Әйтсе де волонтерліктің, белсенділіктің жасқа қарамайтынын теміртаулық Бірлікбай Ордабай атты сексеннен асқан қария дәлелдеп жүр. «Жүрген ортамның жақсы да, жайлы болғанын қалаймын» дейді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен ақсақал.

Бірлікбай Ордабай жас кезінен металлург болыпты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі еңбек жолын басып өткен Теміртауда өмір бойы өндірістің көркін қыздырып, еңбегінің зейнетін көріп отыр. Еріктілер қатарына өз ынтасымен, ешқандай ақысыз қайырымдылық көзқарасымен енген екен.

Ақсақалмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында таныстық.

«Жақсылықтың шапағатын шашып, жүрген ортамыздың жайлы болуын қалаймын. Біздің буынның азаматтарының бәрі сондай. Ортам жақсы болса, менің де жағдайым жақсы деген сөз. Теміртаудан бірнеше волонтер келдік. Біздің бағытымыз – әлеуметтік сипат. Қаламызда ардагерлер ұйымы бар. Жалпы Теміртауда зейнеткерлердің саны 29 мыңнан асады. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 12 ардагері бар. Ардагерлеріміздің ең жасы - тоқсан төртке келді. Оларға әрдайым қамқорлық көрсетеміз. Соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлерінің саны – 1600. Олардың ең жасы - сексен төртте. Біз көбіне солардың жағдайын ойлап, көмек қолын созамыз», - дейді егде болса да қимылы ширақ волонтер.

Бірлікбай Ордабай қарттар құқығының қорғалуына ерекше назар аударады екен. Сөз арасында «Өткеніңе мылтық кезесең, келешегің сені зеңбірекпен атады» деген жапон мақалын да есімізге салып қойды.

Теміртаудағы қарттар туралы мәліметті жатқа айтып, қайсының қандай қажеттігі, қандай көмекке зәру екенін айтқанда сондағы қариялар жайын бес саусағындай білетініне көзіміз жетті.

«Соғыс кезінде Ленинград блокадасында қалған бүгін де көзі тірі бес адамымыз бар. Фашистік лагерьлерде болған 15 тұтқын да қатарымызда. Барлығы біздің тізімде. Өкінішке қарай, қарттарымыздың саны сиреп бара жатыр. Еңбек ардагерлерін қатарымызға қосып, қоғамдық жұмысқа тартып жатырмыз. Биыл Волонтер жылы мен Жеңістің 75 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр екен. Біздің ойымызша, елімізде «Ардагерлер туралы» заң қабылдануы керек. Ардагерді тек соғысқа қатысушы ретінде есептемейік. Еңбек ардагерлері де қатарымызда қаншама. Жалпы, қоғамның өмір жасы ұзарып келеді. Қарттардың өмір жасы ұзақ болуы үшін белсенділік танытып, олар өз еркімен елдің дамуына үлес қосуы тиіс», - дейді Бірлікбай Ордабай.

Қарт волонтер қазақтың «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзін еске салды. Жалпы өзі металлург болғандықтан ба, табиғатқа да назары, қамқорлығы ерекше екен.

Өзі қатарлы қарттарды ертіп, жыл сайын Теміртауда көшет отырғызып, бұрын егілген тал-шыбықтарды суарып, күтіп баптап, қаланың жасыл желекке оранып, абаттануына ерекше атсалысатынын да айтып өтті.

«Былтыр Еуропаға барғанымда бүкіл құрлықтың орман ішінде екеніне көзім жетті. Сол орманның 80 пайызы қолмен отырғызылыпты. Демек Қазақстанда да біз ағашты көп отырғызуымыз керек. Жалпы бұл сұлу шаһарға жиі келемін. Бірде елорданы ұшақпен төбеден көріп, таң-тамаша қалдым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен астанамызды айнала егілген тал-тоғайға қалай тамсанбайсың?! Кеңес тұсында бұл дала тың игеруді бастан өткерді ғой. Дала жыртылып, экологияға да қаншама зиян келді. Енді міне, «елу жылда ел жаңа» демекші, мемлекетіміз жаңғырып, елордамыз тал-тоғайы жарасқан көркем шаһарға айналып келеді. Құдайға тәубә, заманымыз тыныш болсын. Еліміз бейбітшілікті ту етіп, жарқын келешекке қадам баса берсін», - деп ақ тілегімен сөзін аяқтады Бірлікбай Ордабай.

Айта кетсек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысқан еді.

Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады.

Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар