Сегіз баланың анасы қолөнерге қалай уақыт тауып жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Көрпе Fest» деген атпен көпбалалы аналардың колынан шыққан көрпелер көрмесі өтті. Осы шарада 8 рет құрсақ көтерген елордалық «алтын алқа» иегері де болған. ҚазАқпарат тілшісі бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен көрпе тігіп жүрген Әсия Оспанқұловадан уақытын қалай тиімді ұйымдастырып жүргенін сұрап білді.

Қазақта тәлімі мол бір тәмсіл бар. Сәби дүниеге келерде «олақ әйелдің екі қолын, пысық әйелдің бір қолын байлаймын» дейтін көрінеді. 40 жасында сегіз құрсақ көтеріп, бір қолына бесік, бір қолына ұршық ұстаған елордалық Әсия Оспанқұлованы көргенде осы тәмсіл еріксіз еске түсті.

Ол көпбалалы аналардың «Көрпе Fest» атты республикалық фестиваліне ауруханада жатқан жерінен босап келіпті. Нақтырақ айтсақ, Шымкенттегі ауруханада оның жолдасы жатыр. Бұл соның күтімімен жүрген.

«Ұстазымыз Ырза Тұрсынзада телефон шалып, Нұр-Сұлтанда көрме өтеді деген соң ұшақпен жетіп келдім. Жолдасым - екінші топтағы мүгедек. Соның күтімімен ауруханада жүргенмін. Көрпе тігуді 4 күннің ішінде меңгеріп алдым. Бүгінгі көрмеге алғашқы туындымды әкеліп отырмын», - дейді Әсия.

Көпбалалы ананың елордаға қоныс аударғанына 15 жыл болыпты. Қазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл деген жерде балалық шағы қалған. Қазір сегіз баламен пәтер жалдап тұрады. Негізгі жұмысы мектепте. Онда оқушы қыздарға қолөнерден сабақ береді.
null

«Тігіншілікке баяғыдан икемім бар. Әжемнен қалған қасиет екен. Бірақ ұлттық нақышта көрпе тігіп, құрақ құрап көрмеппін. Істі оңай алып кетуіме сол күнделікті машығым көмектесті», - дейді өзі.

Мектептегі жұмыс, ондағы қалың құжат, сегіз баланың күтімі. Осының бәрінен қолөнерге уақыт тауып жүрген ана баланың көптігі ешқашан қолбайлау болмайтынын айтады.

«Өзім 13 баланың ішінде өскенмін. Үлкендеріміз кішілерге қарап, ата-ананың қадағалауынсыз-ақ өсіп-жетілген едік. Енді өз балаларым да солай өсіп жатыр. Тұңғышым ана атанып үлгерсе, ең кішісі әлі бірге де толған жоқ. Осының бәрі ерте үйленгеннің арқасында бір жағынан. Шаңырақ көтергенде мен 18-де, жолдасым 20-да болатын. Қазір балалар бір-бірін киіндіріп, тәрбиелеп келеді. Ұлттық қолөнер қолыма байлау болмайтын сияқты. Керісінше, шаршағанымды ұмыттырып, шабыт сыйлап жүр», - дейді Әсия.

Кейіпкеріміз іс тігуге қажет ою түрлерін интернеттен емес, табиғаттан іздейді екен.

«Бала күнімізден ауылда өстік. Бау-бақша егіп, табиғат құшағында жүрдік. Қарап отырсаңыз, қазақтың ою-өрнегінің бәрі табиғаттан алынған ғой. Мен де сөйтемін. Аспан әлемі, жазира дала, шұрқыраған мал, тәкаппар түз тағылары. Осының бәрі кескіндеме үшін сарқылмайтын қайнар сияқты. Қиялыңды оят та, ала бер. Ұстазымыз Ырза апа бізге үнемі біреудің көшірмесі болмау керектігін айтып келеді. Сол үшін интернет ақтара бермеймін», - дейді көпбалалы ана.
null

Әсия Оспанқұлова алғашқы көрпелерін әлеуметтік желіге жүктеген сәтте-ақ қызығушылар пайда болыпты.

«Қазірдің өзінде тапсырыс түсіп жатыр. Сүндет тойға қажет көрпе жабдықтарын жасауым керек. Үлкен қызым да тігінге бет бұрып жүр. Икемі жаман емес сияқты. Екеулеп ол тапсырысты да уақытында орындап тастаймыз. Ырза апамыз «еңбектеріңнің бағасын біліңдер» дегенді жиі айтады. Қолдан тігілгендіктен, табиғи өнім ретінде жақсы бағаланады. Егер түбегейлі айналысса, ұлттық қолөнердің көмегімен-ақ сегіз баланы емін-еркін асырауға болады. Бірақ оған жолдасым көнбейді. Өзіңді шаршатпай-ақ, балаларға қара дейтіні бар. Өзі заңгер. Сондай қосағым болғанына шүкір», - дейді Әсия.
null

null

Соңғы жаңалықтар