Щучинскіде ІІБ əкімшілік ғимараты пайдалануға берілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Қазақстан полициясы күні қарсаңында Щучинск қаласында Бурабай аудандық ІІБ жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Жанат Сүлейменов, Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин қатысып, құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы нәтижесінде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бүгін міне, курортты аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа əкімшілік ғимаратын пайдалануға беріп отырмыз», - деді құттықтау сөз сөйлеген Ішкі істер министрінің орынбасары  Жанат Сүлейменов.

Жиынға қатысқан аймақ басшысы Мəлік Мырзалин Щучинск-Бурабай курорты аймағына демалуға келетін қонақтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін бар күштерін салатын аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, отставкадағы полиция полковнигі Дулатбек Мұқышев сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды тілегін арнады.

ІІБ үш қабатты ғимаратында көші-қон қызметі мен басқа да бөліністер бар. Сондай-ақ, ғимаратта кезекші бөлімі мен уақытша ұстау изоляторы орналасқан. Жаңа ғимарат қазіргі заманның барлық талаптарына сәйкес жабдықталған. Мұнда аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, қылмыстық істерді тергеу және қылмыспен күрес бойынша және өзге де барлық қажетті жағдайлар жасалған. Аймақ басшысы мен ҚР ІІМ бірінші орынбасары жаңа ғимаратты аралап, ішкі жабдықтарымен, сондай-ақ, көлік полициясының қызмет атқаратын орындарымен танысып шықты.

Салтанатты шара барысында Бурабай ауданы мен Щучинск қаласы ІІБ үшін 20 автокөліктің кілттері тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар