SCAT «Нұр-Сұлтан - Токио» жаңа халықаралық рейсін орындауды бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда күнін мерекелеу аясында SCAT авиакомпаниясы «Нұр-Сұлтан - Токио» жаңа халықаралық рейсін іске қосады. Бүгін жаңа рейстің ресми тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған бағыттың ашылуы халықаралық қаржы орталығының дамуына ықпал етеді. Бұл ретте әлемдегі ірі қаржы орталықтарымен байланысты басымдықты бағыт ретіне белгіледік. Менің ойымша, бизнеспен, қаржымен, инвестициямен айналысатын адамдар үшін өте жақсы мүмкіндік болады. Осы орайда Нұр-Сұлтаннан Токиоға жылдам жету үшін жағдай жасалып отыр. Бұл рейске сұраныс жоғары болады деген сенімдеміз», - деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Осы орайда ол 2019 жылдың басынан бастап «Нұр-Сұлтан - Ұлан-Батор», «Нұр-Сұлтан - Прага» және басқа да жаңа халықаралық рейстер ашылғанын еске салды.

«Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, шетелдік жолаушылардың транзитпен келуінен ғана Қазақстан экономикасына қосымша түсетін түсімдер жылына шамамен 40 млн АҚШ долларын құрауы мүмкін», - деп атап өтті комитет төрағасы.

Өз кезегінде Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Тацухико Касаи ашылғалы отырған рейс екі елдің арасында байланыстарды нығайтуға елеулі үлесін қоса алатынын атап өтті.

SCAT әуе компаниясының вице-президенті Владимир Сытник жаңа рейс елорда күнін мерекелеу кезінде ашылып отырғанын айта келе, бұл бағдарды іске қосу біраз күш-жігерді қажет еткенін жеткізді.

«Мемлекеттің және Жапонияның Қазақстандаға елшілігінің қолдауы нәтижесінде рейсті ашу мүмкін болып отыр. Рейс әр сенбі сайын Жапонияға қарай орындалады. Осы орайда біздің жолаушылар үшін бұл сапар барынша қолайлы болуын қамтамасыз етуге тырысамыз», - деді В. Сытник.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында «Нұр-Сұлтан - Токио» бағыты бойынша әуе билеттерінің сатылымы басталады.

6 шілдеден бастап Токио әр сенбі сайын Қазақстаннан туристерді қабылдайды. Алдағы уақытта SCAT Жапония астанасына ұшатын рейстердің бір аптадағы жиілігін арттыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар