Сайрамдық соғыс ардагері дауыс берудің маңыздылығы туралы айтты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Сайрам ауданының 96 жастағы тұрғыны, соғыс ардагері Ахмеджан Анартаев референдумға қатысты. Қария дауыс берудің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ардагер Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округіндегі №580 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.

«Елдің болашағы үшін әрбір қазақстандық референдумда өз дауысын беруге міндетті деп есептеймін. Бұл ел ертеңіне деген сенімімізді нығайтады. Бүгінгідей ел еңсесін тіктеген шақта ауызбірлігіміз мықты болуы тиіс. Біз сонда ғана алмағайып шақтардан аман өтеміз», - деді қария.

Ардагер саяси науқанның сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді.

Айта кетейік, Ахмеджан Анартаев 1926 жылы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға, Германиядағы ұрыстарға қатысқан. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық сегіз медальмен марапатталған. Қазір Қарабұлақ ауылында тұрады. 9 баласынан 28 немере, 5 шөбересі сүйіп отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 85 жастағы тұрғыны Жандарбек Жүсіпов алғашқылардың бірі болып дауыс берген еді.

Сондай-ақ, дауыс беруші арыстық тұрғын шашу шашса, сарыағаштық зейнеткерге шапан жабылды.

Ал, ғасыр жасаған Арыс қаласының тұрғыны Рысалды Бейсенбаева немерелерін ерте келді.

Түлкібастық ұстаздар династиясы да отбасылық дәстүрі бойынша өз таңдауын жасады.


Соңғы жаңалықтар