Сайрамда екі егіз, бір үшемді өмірге әкелген ерекше отбасы тұрады

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Алтын құрсақты ананың үш жүктілігінде де туған балалардың барлығы айдың сегізінші жұлдызында дүние есігін ашқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы, Сайрам ауданының 33 жастағы тұрғыны Дильфуза Мырзақұлова 2009 жылы Фатима мен Зухра есімді қос егізді өмірге алып келген.

Ал, 2015 жылы Разия, Рабия, Раяна туған. Өткен жылы тағы да егіз босанып, олардың есімін Хасан мен Хусан деп қойды. Бүгінде отбасында 5 қыз бен 2 ұл өсіп келеді.

Қазір Дильфуза ауылдық амбулаторияда медбике болып қызмет атқарады. Ал, жұбайы Рүстем жеке жұмыс істейді. Әзірге тұрақты жұмысы жоқ.

«Баршасы айдың 8-інде дүниеге келген. Мәселен, алғашқы егіз мамырдың 8-де туса, үшем шілденің 8 күні дүние есігін ашты. Ал, екі ұл 8 қарашада өмірге келді. Тек бір қызымның ғана денсаулығында кішкене кінәрат бар. Жалпы, жағдайымыз жақсы» - дейді көпбалалы ана.

Қазір тұңғыштары 6-сыныпта оқып жүр. Ал, үшем даярлық тобында әріп танып, сауат ашып жатыр. Кішкентай егіздер болса 5 айға толды.

«Мектепке барған кезінде ұстаздарының шатастыратынын айтып келетін. Қазір барлығы танып алды. Көздері үйренді. Өзім де кей кезде аттарын ауыстырып ала беретінмін. Мен де үйрендім» - дейді Дильфуза.

Бүгінде көпбалалы отбасы туыстарының пәтерінде тұрып жатыр. Бос болған соң уақытша паналауға алыпты. Ал, өзі тұрғын үй салу үшін жерге кезекке тұрған.

«Мүмкіндік болса, осы тұрып жатқан үйімізді сатып алсақ деп жоспарлап отырмыз» - дейді Дильфуза Мырзақұлова.


Соңғы жаңалықтар