Сайрам ауданында саунаға келген жігіттерді аяусыз соққыға жыққан күзет қызметкерлері сотталды

Фото:
САЙРАМ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданында саунаға келген жігіттерді аяусыз соққыға жыққан күзет қызметкерлері сотталды. Сегіз ай бұрын болған қылмысты оқиға кезінде 27 жастағы азамат есін жимастан көз жұмған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайрам аудандық сотының мәліметінше, аталған қылмыстық оқиға бойынша 5 айыпталушыға қатысты үкім шықты. Сотталушылардың бірі – 9 жыл, енді біреуі - 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы 3 айыпталушы Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

«Айыпталушылардың іс әрекеттері Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен, Орынбасаров пен Өмірәліге қатысты іс 106-баптың 3-бөлігімен және 293-баптың 2-бөлігі 1-2 баптарымен сараланды. Қалған сотталушылар «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай» жарияланған рақымшылық жасау туралы Заңына сай қылмыстық жауапкершіліктен босатылды»,- деді Сайрам аудандық сотының төрағасы Құрманғали Дүйсебеков.

Сонымен қатар, қайтыс болған Еламан Мәліковтың заңды өкілдері берген азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, айыпталушылардың бірінен жәбірленуші тарапқа 4,5 миллион теңге моральдық залал өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, осыдан 8 ай бұрын Сайрам ауданындағы демалыс кешеніне келген 4 жігітті күзет агенттігінің қызметкерлері тепкіге жыққан болатын. Салдарынан жәбірленушілердің бірі қайтыс болып, тағы үшеуі зардап шеккен еді. Кейін күзет қызметінің өкілдері ұсталып, оларға қатысты сот отырысы бірнеше айға созылды.


Соңғы жаңалықтар