Сайрам ауданында 7 мыңнан астам тұрғын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылмақ

None
None
САЙРАМ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданында 7 мыңнан астам тұрғын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылмақ. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында оның 1864-і тұрақты жұмыс тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, коронавирус індетінен сақтану мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылмаған. Сондықтан Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның тапсырмасына сәйкес, ауданда мониторингтік топ құрылған. Бұл топ мүшелері ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастаған.

«Қазір мониторингтік топ аудан тұрғындарын жұмысқа тарту мақсатында мемлекеттік бағдарламаның «Қысқа мерзімді оқыту«, «Бастау бизнес«, «Жастар практикасы« бағыттарын түсіндіруде. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша жыл басынан бері 492 азамат оқуға ниет білдірді. Сол азаматтардың құжаттары жинақталып, дайындалуда. Бұдан бөлек, аудан көлемінде 234 жұмыс беруші 900 бос жұмыс орнына вакансия жариялады», – деді аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұрлан Сарыбеков.

Мониторингтік топ бір апта Қарасу, Манкент ауылдық округінде тиісті жұмыстарды атқарған. Бұл жұмыстар басқа да ауылдық округтерде жалғасын табады деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар