Сайлаушылардың жауапты таңдау жасауы өте маңызды - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлнәр Насимова еліміздегі сайлау алдындағы жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде ҚР Президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну процесі жүріп жатыр. Осыдан кейін үміткерлердің ҚР Конституциясына және «Сайлау туралы» Заң талаптарына сәйкестігі анықталады. Сонымен қатар ең қызықты кезең - ол сайлау алдындағы үгіт-насихат. Бұл науқанда ҚР Орталық сайлау комиссиясының өз қызметін қалай атқаратындығы да аса маңызды», - деп тоқталды ғалым.

Осы орайда ол бірінші кезекте сайлауды әділ әрі ашық өткізуге ерекше екпін қойылатынын атап өтті.

«Азаматтардың сайлаудағы іс-қимылы да маңызды фактор болып саналады. Қазақстандық электорат кандидаттардың ұсынған бағдарламаларына назар аударатыны белгілі. Яғни ел халқы әлеуметтік-экономикалық блокқа қатысты айрықша мән береді. Өйткені материалдық-экономикалық әл-ауқаттың артуы мәселесі көпшіліктің назарында», - деді Г. Насимова.

Сарапшының пайымынша, осыған байланысты азаматтардың электоралдық қатысуы деңгейі анықталады.

«Сонымен бірге, сайлаушылар таңдауы көбіне кандидаттардың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асырудың қандай нақты тетіктерін ұсына алуына байланысты болады. Ең бастысы, электорат сайлау құқық бұзушылықсыз өтетініне, сондай-ақ сайлаушылар дауысы елдің ары қарай дамуын айқындайтынына сенімді болуы керек. Біздің сайлаушылардың оңтайлы әрі жауапты таңдау жасауы өте маңызды», - деді ғалым.

Соңғы жаңалықтар