Сайлаушылар тізімімен қалай танысуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін Президент сайлауын ұйымдастыру және өткізу бойынша жадынама ұсынады.

Сайлаушылар тізімі қалай дайындалады?

Бұл тізімді жасауға жергілікті атқарушы орган жауапты. Жергілікті әкімдік өздері жауапты аумақтағы сайлаушылардың тізімін тұрғылықты мекенжайы мен жеке тұлғалар туралы мемлекеттік база деректеріне сүйене отырып жасайды.

Бір азамат тек бір сайлау учаскесінде ғана тіркелген болуы шарт.

Ал уақытша тіркелген азаматтар жергілікті атқарушы органға өтініш жазу арқылы өзін тұрақты тіркелген жеріндегі тізімнен алғызып, тұрғылықты орны бойынша тізімге енгізе алады.

Сайлаушылар тізіміне өзгеріс қандай жағдайда енгізіледі?

Әрбір азамат сайлау тағайындалған күннен бастап өзін сайлаушы ретінде тіркетуге құқылы.

Егер азамат сайлау болатын күні тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскеге келе алмайтынын кем дегенде 30 күн бұрын білсе, сайлау күні орналасатын жері бойынша сайлаушылар тізіміне тіркелу туралы өтініш жазады.

Азаматтың өтініші аталған тармаққа сәйкес болса, жергілікті орган оның тілегін қанағаттандыруға міндетті.

Сайлаушылар тізімімен қалай танысуға болады?

Әр сайлау учаскесіндегі дауыс берушілер тізімін жергілікті әкімдік 20 мамырдан кешіктірмей учаскелік сайлау комиссиясына өткізуі керек.

Учаскелік сайлау комиссиясы ол тізімді танысуға ниет білдірген сайлаушыларға 25 мамырдан кешіктірмей ұсынуы тиіс.

Ол тізіммен дауыс берушілер сайлау комисиясы орналасқан орында танысып, тізімдегі деректердің дұрыстығын тексере алады.

Дауыс беруші өзін сайлаушылар тізімінен таппаған жағдайда немесе өзі туралы қате дерек көрген жағдайда жазбаша түрде шағым түсіруге құқылы.

Шағымды сайлау комиссиясы арыз түскен күні қарайды.

Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы мұндай шешімнің себебін дәлелді көшірмемен бірге кешіктірмей береді. Бұл шешіммен де келіспеген жағдайда сайлаушы сайлау комиссиясы орналасқан мекенжай бойынша сотқа шағым түсіре алады. Сот шағымды арыз түскен күні қарайды.

Сайлаушы өз учаскесіне ХҚКО беретін мекенжай анықтамасы арқылы да тізімге енгізілуі мүмкін.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қалай дауыс береді?

Мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруге арналған үй-жайларға кедергісіз кіріп-шығуына жергілікті атқарушы органдар жағдай жасауға міндетті. Ол үшін:

1. Дауыс беруге арналған орын ғимараттардың бірінші қабатында орналасуы шарт. Ол ғимарат арнайы пандустармен, төсеніштермен, тактильді көрсеткіштермен (уақытша рұқсат етіледі), есіктердегі қажетті ойықтармен, жеткілікті жарық көздерімен жабдықталған болуы керек.

2. Дауыс беруге арналған үй-жайды таңдаған кезде кіре берісі ыңғайлы болуы, жаяу жүргінші жолдарының жақын маңда болуы, автотұраққа лайық орындардың болуы ескерілуі тиіс.

3. Ғимарат таңдап алынған соң сайлау учаскесі ретінде әлеуметтік қолжетімді нысандар картасына енгізіледі.

Зағип-саңырау және саңырау сайлаушылар көп қатысуы мүмкін учаскелерге сурдоаудармашылар мен тифлоаудармашылар тартылуы қажет.

Жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың саны туралы мәлімет беруі тиіс. Сол бойынша сайлау науқаны мен мерзімі, өткізу және ұйымдастыру тәртібі туралы, бюллетень толтыру тәртібі туралы дыбыстық форматтағы ақпараттық материалдар дайындалады.

Ал ақпарат көрнекі нұсқада болса, оқуға ыңғайлы, үлкейтілген қаріппен жазылуы керек. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ақпараттық материал дауыс беруге арналған үй-жайдың аумағынан орын тебуі тиіс.

БҰҰ-ның Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтары туралы конвенциясына сәйкес, алдағы Президент сайлауы қарсаңында төмендегі өнімдер әзірленетін болады.

1). «Мүмкіндіктері шектеулі сайлаушыларға арналған Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» аудио нұсқадағы жадынама. (10201 дана).

2). «Мүмкіндіктері шектеулі сайлаушыларға арналған Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» әдістемелік жадынама. (10482 дана).

3). Нашар көретіндерге арналған арнайы ұлғайтқыштар (10201 дана).

Бұл өнімдер еліміздегі барлық учаскелік сайлау комиссиялары мен мүгедектерге арналған мамандандырылған кітапханаларға таратылады.

Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін электораттық оқытуды қолға алмақ. Комиссия мүшелерін сайлау барысында мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтары бойынша тестілеу жүргізіледі.

Сайлау науқандарының тарихында мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын кешенді қамту шаралары тұңғыш рет қолға алынып отыр.

Соңғы жаңалықтар