Сайлаушылар Елбасының халықтың әл ауқатын көтеруге бағытталған саясатына қолдау көрсетуде - Мәжіліс депутаттары

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттарының бір тобы алғашқы он күндікте Орал, Ақсай қалаларындағы 30-дан астам нысандарда, сонымен бірге, Тасқала, Бөрлі, Теректі аудандарында болды. Мәжіліс депутаттары Виктор Киянский, Шавхат Өтемісов және Самиғолла Оразовтың атап өткеніндей, сайлаушылардың барлығы Елбасының халықтың әл - ауқатын көтеруге бағытталған саясатына қолдау көрсетуде. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Орал қаласы маңындағы тұрғындармен болған кездесуде Парламент өкілдері екінші сессияда атқарылған заң шығармашылық жұмыстарымен бірге, Президенттің «Қазақстан - 2050 Стратегиясында» межеленген міндеттерді заңнамалық қамтамасыз ету жолындағы Мәжілістің атқарған істерін баяндады. Ал, Ақсайда қаланың дамуын жүзеге асыру бағдарламасы жан-жақты талқыланып, әсіресе, бір күнде 500 адамды қабылдау мүмкіндігі бар емхана құрылысы, жалға берілетін тұрғын-үй құрылысы, сондай-ақ, коммуникациялар мен жолдарды жөндеу мәселелері кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар, облыстық әскери комиссариат және төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерімен жүздесуде ұтқыр дайындықты жетілдіру, әскери қызметкерлер жұмысын және олардың кәсібилігін көтеру жағдайлары талқыланды. Депутаттар Қарашығанақ газ конденсаты өндірісі кеніне барған сапарында қазіргі уақытта Қазақстан аумағында үздік болып саналатын экологиялық орталықтың жұмысымен танысты. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы ұжымымен кездесуде жасыл технологияны енгізу, қазақстандық өнімді арттыру мәселелері тілге тиек етілді. Орал қаласындағы «Кублей» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде депутаттарға ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеудің заманауи технологиялары көрсетілді. Қазіргі уақытта бұл нысанда басқа елдерге экспортқа шығарылатын және «Метро» көтерме сауда дүкендер желісіне тасымалданатын ет және балық консервілерінің 150-ден астам түрі шығарылады. Мекеме экспорттық бағытта жұмыс жасайды және жақсы қаржылық көрсеткішке ие.

Нысандарды аралау кезінде шағын және орта бизнесті қолдау облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретіні дәлелдене түсті.

Соңғы жаңалықтар