Сайлаухан Аухадиев: Сарабдал саясатты жалғайтын салмақты адам келді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне кіріскен күнін ел тарихындағы елеулі кезең деп бағалайды. Өңірге белгілі ақсақал бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтты.

«Президентті ұлықтау салтанатын үй-ішімізбен отырып, көгілдір экраннан тамашаладық. Отбасымызбен қатты қуанып жатырмыз. Бірге жүрген ақсақалдармен осы жөнінде ой бөліскенмін. Олар да бүгін қазақ халқы үшін өте бақытты күн болғанын айтып жатыр. Жаңа Президенттің қадамы Қазақстан үшін сәтті болсын. Сексенге келген қария ретінде дастархан басында жақсы ырыммен бата жасадым», - дейді қария.

Қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы осы жасқа дейін билік ауысқан бірнеше кезеңді бастан өткергенін айтады. Көпті көрген көнекөз ақсақал жаңа Президенттің қазақ елі үшін қандай басшы болатынын да болжады.

«Осы жасқа келгенше бірнеше жүйенің ауысқанын көріппіз. Қасым-Жомарт Тоқаев - жер шарындағы мемлекеттердің барлығына танымал тұлға. Тоқаев басқарған кезеңде елімізде бейбітшілік сақталады деп күтемін. Халықтың әл-ауқаты барлық салада жақсаратынына сенімдімін. Өйткені сайлау кезінде бағдарламасын бүге-шүгесіне дейін електен өткіздім. Өзі айтқандай, ол сөздің емес, істің адамы. Сондықтан, ел болашағы жарқын болып, экономикамыз қарқынды дамиды деп ойлаймын. Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатын жалғастыратын салмақты адам келгені көңілімізге сенім ұялатты», - дейді Сайлаухан Аухадиев.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңадан сайланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берген болатын.

Соңғы жаңалықтар