Сайлаудың әділ өтуін «Аманат» азаматтық платформасы қадағалайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Кезектен тыс Президент сайлауының елімізде әділ, талапқа сай өтуін «Аманат» азаматтық платформасы қадағалайды. СҚО-да қоғамдық бірлестіктің филиалы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аманат» азаматтық платформасы сайлау барысына қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл - Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдар өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық белсенділер кірді.

«Аманат» платформасында сайлаудың 5 бағыты бойынша мониторинг жүргізіледі. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан ерекшелігі бар. Кандидаттардың саны артты, яғни тең бәсекелестік болуын, сайлаудың ашық жүргізілуін қадағалаймыз. Сондай-ақ, сайлаушылардың тізімде болуы, сайлау учаскелерінің қолжетімділігі де назардан тыс қалмайды», - дейді «Қызылжар Білім» ЖШС директоры, платформа мүшесі Жанат Мұхаметжанов.

Қоғамдық бірлестік сайлауды өткізуге дайындықты бақылап, сайлаушылардың өз құқықтары жайында хабардар болуын, сайлаудың адал және ашық өтуін назарға алады. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде жедел жұмыс істеу үшін «Аманат» азаматтық платформасының өкілдері анықталды. Олардың айтуынша, барлық бағыттар бойынша халықаралық ұйымдармен, ОСК, жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларымен, Жоғарғы Сотпен, Жергілікті атқарушы органдармен, Бас прокуратурамен, кандидаттардың сайлау алдындағы штабымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен ынтымақтастық құрылады.

Қазір СҚО-да шамамен 600-дей сайлау учаскесі бар. Бүгінгі күні олар талапқа сай жөнге келтіріліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар