Сайлаудағы ұлттық бақылаушыларды аккредиттеу шетел тәжірибесінде де бар - Әділет министрлігі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Әділет министрлігі заң шығару департаментінің директоры міндетін атқарушы Бауыржан Тұрғанбаев «Сайлау туралы» Констициялық заңға ұсынылған түзетулер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституциялық заңнамаға өзгерістер енгізу аясында Сайлау туралы заңға бақылаушылардың жұмысын ұйымдастыруға түзетулер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Яғни, сайлау процесін бақылаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктерді аккредиттеу көзделіп отыр. Сондай-ақ осы іспен айналысатын мемлекеттік емес ұйымдардың шетелден қаржыландыруына тыйым салынбақшы. Бұл туралы қандай пікір айтасыз?», - деп сұрады БАҚ өкілі Әділет министрлігінің өкілінен.

«Иә, Әділет министрлігі заң жобасын әзірлеген. Қазіргі таңда ол «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Түрлі пікірлер түсуде. Оларға жауап беріп, талдау жасап отырмыз. Бақылаушыларды аккредиттеуге келсек, қолданыстағы заңнама бойынша, Сайлау туралы конституциялық заңда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушыларын аккредитациялау көзделген. Оларды Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша аккредитациядан өткізеді. Бірыңғай құқықтық реттеу үшін заң жобасы арқылы ұлттық бақылаушыларды да аккредиттеу ұсынылып отыр», - деді Бауыржан Тұрғанбаев.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай талаптар халықаралық тәжірибеде де бар.

«Мысалы, Норвегияда, Грузияда, Арменияда, Болгарияда осындай тәжірибе бар. Сайлауды бақылаушыларды аккредиттеу қағидаты Венеция комиссиясының, сондай-ақ Демократиялық сайлау кеңесінің құжаттарында көрініс тапқан. Осылайша, біз ұсынып отырған норма ұлттық бақылаушылардың құқықтары мен өкілетін белгілейді», - деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ ол шетелдік қаржыландыруы бар ұйымдардың елдегі сайлау процесіне араласуына қазіргі заңнамада да тыйым бар екенін еске салды.

«Мысалы, қолданыстағы «Саяси партиялар туралы» Заңда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар партия мүшесі бола алмайтыны айқындалған. Сондай-ақ саяси партияларды шетелдік заңды тұлғалар мен шетел азаматтарының қаржыландыруына тыйым салынған. Оған мысал да келтіре аламын. АҚШ-тың, Еуропа елдерінің заңнамасында дәл осындай тыйымдар бар. Егер саяси партия шетелдік заңды тұлғадан немесе шетел азаматынан қаржы алса, бірден таратылатыны айтылған. Жалпы сайлау процесін қаржыландырудың қағидаты БҰҰ құжаттарында көрсетілген. Ұсынылып отырған нормалардың халықаралық тәжірибеде бар екенін ескеріп, заңның бәріне бірдей қолдану үшін осындай тыйым енгізбекшіміз. Бұл түзетулер ешкімнің, ешқандай құқығын шектемейді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келеді», - деді ведомство өкілі.


Соңғы жаңалықтар