Сайлаудағы өзгерістер мен президент өкілеттігі туралы заң жобасы Сенатқа жолданды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілісте Қазақстанның Президенті, Парламенті, Үкіметі және сайлау туралы 7 Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Заң жобасы 7 Конституциялық заңға өзгеріс енгізуді көздейді. Бұл – «ҚР Президенті туралы», «ҚР Парламенті туралы», «ҚР Үкіметі туралы», «ҚР Сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы», «ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» және «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» заңдар», - деді Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, заң жобасы Жолдауда айтылған президенттің өкілеттігін қысқартуға, биліктің өкілді тармағын қайта форматтауға, сайлау жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау институттарын күшейтуге және сайлау процесін жаңғыртуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Осы заң жобасы арқылы Мемлекет басшысының президент өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде оның саяси партияға мүшелігіне тыйым салуды белгілейтін түзетулер енгізіледі.

Сайлаудың пропорционалды-мажоритарлы жүйесі енгізіледі. Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясы квотасы алынып тасталады.

Парламент және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды бірмандатты округтер бойынша ұсыну және тіркеу тәртібі, оларды кері қайтарып алу реттеледі.

Сайлауға ықпал етуді болдырмау мақсатында сайлау қорларына қайырымдылықтың шекті мөлшері белгіленеді. Сайлауға шетелдік араласуға тыйым салынады.

Сондай-ақ, сайлауға байқаушы ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктерді аккредиттеу талаптары енгізіледі.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайланбалылығы енгізілуде. Әкімдерді сайлау тек бәсекелі негізде ғана өткізіледі.

Үкіметтің заң күші бар уақытша актілер қабылдау құқығы белгіленеді.

Сонымен бірге, заң жобасын қарау барысында депутаттар 2022 жылғы 17 қыркүйектегі Конститиуцияға өзгерістерді жүзеге асыратын түзетулерді енгізді.

Атап айтқанда, президент тек бір мерзімге сайлана алады және оның өкілеттіктері 7 жылдан аспауы қажет.

Жұмыс тобы сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде Орталық сайлау комиссиясының тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу рәсімдерінің тәртібін регламенттеуге бағытталған бірқатар түзетулер қабылданды.

Сайлау комиссияларының мүшелеріне кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

«Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытындыларын берді. Мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен заң жобасының таныстырылымы және жұмыс тобының 8 отырысы өткізілді. Жұмыс тобының барлық мүшелері әріптестерімізге меморган өкілдеріне, аппарат қызметкерлеріне заң жобасы бойынша атқарылған ауқымды жұмыс үшін алғысымды айтамын. Айтылғандарды ескере отырып, бұл заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жолдауды ұсынамыз», - деді Арман Қожахметов.


Соңғы жаңалықтар