Сайлаудағы әйелдер мен жастар квотасы халықтың түрлі санаттарының қажеттіліктерін ескереді – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Алма Мұқанова саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін квота енгізу реформасына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірқатар мемлекеттердің заңнамасында ұлттық парламенттерінің депутаттық корпусында халықтың тиісті гендерлік (әйелдер) және әлеуметтік топтарына депутаттық мандаттарды квоталау, халықтың аталған топтарының кепілді парламенттік өкілдігін қамтамасыз ету туралы ережелер заңнамалық түрде бекітілген. Квоталау әйелдердің, жастардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың саяси саладағы өкілдігін қамтамасыз етудің бір құралы болып саналады. Қазақстан да 2020 жылы саясаттағы әйелдер мен жастардың өкілдігін ұлғайту мақсатында саяси партиялардың сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізуден тыс қалмады», - дейді А. Мұқанова.

Осылайша, саяси партиялар гендерлік мәселелерді ілгерілетуде, жастарды қолдауда маңызды рөл атқара бастады және партия оларды сайлау тізімдеріне енгізу арқылы депутаттар лауазымына кандидаттарды жылжытудың тікелей механизмін жасады.

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйекте «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30% квота туралы норманы енгізу партияларды неғұрлым белсенді жұмысқа, өз қатарларын жасартуға және жаңа тұлғаларды іздеуге итермелегенін атап өтті. Алайда, халық қалаулыларының қорытынды құрамдарында квота тиісті көрініс таппады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы «депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті түрде есепке алу туралы, квоталанатын азаматтар тізбесін сол жерге және мүгедек адамдарды қоса отырып кеңейту туралы» норманы заңнамалық бекіту қажеттігін атап өтті», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Әділет министрлігі Президенттің аталған тапсырмасын іске асыруға бағытталған тиісті заң жобаларын әзірледі.

Заң жобалары «Саяси партиялар туралы» Заңға және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыруларды көздейді, мүгедек адамдар үшін квота белгілей отырып, әйелдер мен жастардан басқа, депутаттық мандаттарды бөлу және квоталанатын азаматтардың тізбесін кеңейту кезінде квотаны міндетті есепке алу бойынша тиісті нормалар қамтылған.

«Квотаны есепке алудың міндеттілігі неғұрлым маңызды әлеуметтік мәселелер мен «қоғамдық күн тәртібін» қалыптастыруға, норма шығару процесіне қатысу арқылы елдің анағұрлым осал және проблемалық мәселелерін шешуде осы санаттардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді», - дейді А. Мұқанова.


Соңғы жаңалықтар