Сайлауда біз еліміздің алдағы даму болашағын таңдаймыз - Айман Мұсақожаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Музыка қайраткерлерінің одағы алдағы президент сайлауына қатысты өз ұстанымын білдірді. Осыған орай, ұйым мүшелері бүгін арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізуге қатысты шешімі орынды. Себебі xалық өз қалауын білдіріп, Президентті сайлап алуы қажет.

«Конституция бойынша Елбасы өз өкілеттігін Сенат төрағасына тапсырды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын 9 маусымда өткізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ата заңымызға сәйкес, Қазақстан Президентін xалық сайлайды. Еліміздің әрбір азаматы дауыс беру арқылы өз кандидатын таңдауға құқылы. Сондықтан Президент сайлауына барып, өз таңдауымызды жасауымыз керек», - дейді А.Мұсақожаева.

Оның айтуынша, бүгінде президенттік билікті сайлау арқылы күшейтіп алған жөн. Бұны барлығы жақсы түсінеді. Сонда алда тұрған мақсат-міндеттерді тиімді іске асыруға болады.

«Осы орайда еліміздің музыка қайраткерлері алдағы президент сайлауының маңызын жақсы түсінеді, өзінің азаматтық парызы мен жауапкершілігін сезінеді деп білемін. 9 маусымда біз саясат жағынан көзіміз ашық екенін көрсетіп, сайлау учаскесіне барып, болашақ Президент үшін өз дауысымызды беруіміз керек. Сол арқылы біз еліміздің алдағы даму болашағын таңдаймыз», - деп атап көрсетті А.Мұсақожаева.

Соңғы жаңалықтар