Сайлауда байқаушылар мен сенім білдірген адамдар фото-видео түсіре алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы Президент сайлауы кезіндегі фото-видео түсіру мәселесі заңмен қалай реттелетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұдан бұрын атап өткендей, байқаушылар мен сенім білдірген адамдар дауыс беру кезінде және оның қорытындысын шығаруға кедергі келтірместен, фото, аудио және бейнежазбалар жасауға құқылы. Бұл ретте, осы құқықты іске асыру барысында адамның Конституциямен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары, дауыс беру құпиясы сақталуы қажет. Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша, қандай да бір адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайды», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өміралиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Бұл ретте, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 14-бабының (1-1 т.) талаптарын ескеру қажет, егер таратылатын ақпаратта адамның қызметтік және (немесе) жария қызметіне байланысты адамның бейнесі мен оған қатысты мәліметтер болса, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау кезінде мұндай келісім талап етілмейді.

Азаматтың құпия деректерін қорғау (ЖСН нөмірі, ТАӘ және т.б.) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң арқылы кепілдендірілген.

«Осылайша, фото, аудио және бейнежазба, сондай-ақ байқау дауыс беру құпиясын, сайлаушылар тізімін және олардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып жүргізілуі тиіс. Азаматтардың бейнесін көпшілік алдында тарату олардың келісімін қажет етеді. Бұл талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы (Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу) бойынша әкімшілік жазаға немесе елеулі зиян келтірілсе, Қылмыстық кодекстің 147-бабы (жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылықты бұзу) бойынша қылмыстық жауапқа әкеп соғады», - дейді Ж. Өмірәлиев.

Сонымен бірге, байқаушылар қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда, сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеуден және оны тиісті учаскеден шығаруға құқылы.

Егер шетелдік байқаушы заңның бұзылуына жол берсе, онда Орталық сайлау комиссиясы тиісті сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша оның аккредитациясын кері қайтарып алуға құқылы.


Соңғы жаңалықтар