Сайлауда 100-ден астам жас кандидатқа қолдау көрсетілді - «Жастар үні» блогы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жастар үні» блогы Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығы сайлауына түскен 100-ден астам жас кандидатқа қолдау көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас кандидаттарды қолдау мақсатында «Жастар үні» блок құрған едік. Бүгін бір ай бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесін шығармақпыз. Үгіт-насихат науқаны кезінде 100-ден астам жас кандидатқа қолдау көрсетілді. Оның ішінде Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына үміткерлер де бар. Жас кандидаттарды көпшілікке таныстырып отырдық, үгіт-насихат емес, мақсат – таныстыру, қолдау. Жастармен сұхбат, подкаст ұйымдастырылды. Осылайша жас кандидаттарды ел-жұртқа көрсетуге тырыстық. Міне, қуанышты жаңалық келіп жатыр, алды Мәжіліске депутат болып өтіп жатыр. Жергілікті мәслихаттарға депутат болып жатқандар туралы естіп жатырмыз. Әрине, біздің арқамызда депутат болып жатыр деп айта алмаймыз», - деді «Qazaqstan» ұлттық арнасының тележүргізушісі, «Жастар үні» блогын ұйымдастырушылардың бірі Ерқанат Көпжасар елордада өткен брифингіде.

«Жастар үні» блогын ұйымдастырушылардың айтуынша, жас үміткерлерді қолдау шарасы барлық өңір бойынша жүрді.

«Бұдан бір ай бұрын Алматыда баспасөз мәслихатын өткіздік. Осымен біз жұмысымызды аяқтаймыз. Бізге қозғалыс болу, ұйым ретінде құрылу туралы ұсыныстар келіп жатыр. Әзірге ондай ойымыз жүр. Дегенмен алдағы уақытта депутаттыққа жас үміткерлерді қолдау жұмысын жалғастыратын боламыз», - дейді ол.

Жастардың дені блок мүшелеріне көмек сұрап өздері хабарласқан.

«Әсіресе өңірлердегі жастар хабарласып, бізге республикалық деңгейде қолдау сұрады. Қолдау тікелей де, әлеуметтік желілер арқылы ұсынылды. Қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық. Қолдау барысында партиясына, кім екендігіне қараған жоқпыз. Ол кандидат Мәжіліске немесе мәслихатқа барып жатыр ма оған мән берілмеді. Бәріне бірдей қарадық. Партиялық тізімдерде жас кандидаттардың ұсынылуы бойынша статистика жасадық. Мысалы, 19 адамның ішінен 1 жас кандидат Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия тізімінде, «Ақ жол» - 54 адамның 6 - сы, «Байтақ» - 18 - ден 1-і, «Республика» - 25-тен 5-і, «AMANAT» - 90-нан 17-сі, «Халық партиясы» 52-ден 3-ін ұсынды, «Ауыл» партиясы - 25-тен 9-ы. Көрсеткіштер бар, енді біз бұл жас үміткерлердің экзит пуллдың соңғы нәтижелеріне сәйкес тізімге енгізілуі бойынша бақылаймыз», - деді «Еуразия» телеарнасының тележүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген.

Сондай-ақ блок өкілдері қазіргі уақытта қандай жұмыс жүргізіліп жатқандығы туралы айтып берді.

«Қазір біз хаттамаларды тексеріп, партиялық тізімдердің жариялануын күтудеміз. Жас депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өткім келеді, өйткені оларды жас сайлаушылар, қоғамдық пікір көшбасшылары қолдайды. Олар шынымен де Парламентке жаңашылдық әкелетініне және заң шығарушы органдарды «оята алатынына» сенімдіміз», - деді тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман.


Соңғы жаңалықтар