Сайлау жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі - сарапшылар пікірі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын арттыру болса, бұл сайлау үдерісі арқылы жүзеге асады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздің сайлау жүйесін жаңа өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан еді. Онда пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін қатар қолдану ұсынылды. Осы орайда, сайлау жүйесінде болатын өзгерістер жөнінде сарапшылардың пікірін білген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Аралас сайлау жүйесінің мүмкіндіктері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екенін атап өтті. Осыдан тура 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттары пропорционалды жүйемен сайланса, 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Ел Президенті бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін бергенімен, кері тұстары да байқалғанын жеткізді. Осы орайда, ол аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынды. Яғни, бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусының 70%-ы - пропорционалдық, 30%-ы - мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ.

Ол өз сөзінде: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», - деген еді.

Осы тұста қазіргі қолданыстағы сайлау жүйесі, сондай-ақ аралас сайлау жүйесінің мүмкіндіктері жөнінде біз пікірін білген сарапшының бірі - Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Динара Қамзанова. Оның сөзінше, аралас сайлау жүйесіне көшу - уақыт талабы. Бұл қадам мемлекеттің институционалдық тұрақтылығын жаңғыртуға септігін тигізеді.

«Мажоритарлық тәсілде ешқандай партияға кірмейтін, бірақ сайлауға қатысып, көп дауыс жинаған кандидат жеңеді. Осылайша, Парламенттің төменгі палатасына жаңаша көзқарастағы, жергілікті тұрғындар таңдаған және аймақтың барлық проблемаларына қанық депутат сайланады. Жалпы аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, еліміздің жаңғыру үдерісін ілгерілетеді деп сенемін», - деді Динара Қамзанова.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ доценті Рамазан Саттарұлының пайымынша, мажоритарлық және пропорционалды жүйенің қатар болуы партия тізімі бойынша сайлағаннан едәуір дұрыс. Десе де ол депутаттық корпустың тең болуы керегін алға тартады.

«Аралас сайлау жүйесінің нәтижесінде алғашқы кезекте паритет сақталады. Қазіргі кезде партиялық тізіммен кімді сайлағанымызды білмей жатамыз. Мәжілістің депутаттық корпусының пропорционалдық және мажоритарлық тәсілмен жасақталуы 50 пайыздан екеуі тең болуы керек.Жалпы менің ұсынысым толықтай мажориталық жүйеге көшу керек деп санаймын», - деді Рамазан Саттарұлы.

Айта кететін жайт, аралас сайлау жүйесі саяси партиялардың рөлін кемітпейді. Қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Керісінше, оларды дамыту мүмкіндіктері кеңейді. Алдымен тіркеу рәсімі жеңілдейді. Президент партияны тіркеу шегін 4 есеге төмендетуге пәрмен берді. Яғни, 20 мыңнан 5 мың адамға азаяды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға дейін төмендейді. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың ең төменгі саны үштен бірге қысқарды. 1000-нан 700 адамға дейін.

Кандидаттар қалай іріктеледі?

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Сарапшы Динара Қамзанова мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Мәжіліске кемінде бір белсенді депутатын сайлай алатынын атап өтті. Сонымен қоса аудандар мен облыстардағы сайлау толығымен мажоритарлы тәсілмен өтетінін еске салып, онда кандидаттар қалай іріктелетініне тоқталды.

«Есептей келсек, 69 депутат партия тізімімен, 29 депутат мажоритарлы жүйемен жасақталады. Осылайша, мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Мәжіліске кемінде бір белсенді депутатын сайлай алады. Мұндай аралас тәсілмен сайлау өткізу облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттарға да енгізілетін болады. Ал аудандар мен қалалардағы сайлау тек мажоритарлық тәсілмен өтеді. Кандидаттар өз-өзін ұсыну арқылы іріктеледі», - деді ол.

Мамандардың сөзінше, қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдің араласуына қандай да бір мүмкіндік бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдау керегін Президент Жолдауында баса айтып өтті. Сонымен қоса аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қарау қажеттігін айтып, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Электронды сайлау жүйесі

Сондай-ақ Президент сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігіне тоқталып, бірқатар мемлекетте енгізілген дауыс берудің баламалы түрлері, яғни электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдерін зерттеп, қажет болса біртіндеп енгізу керек екенін айтқан еді. Сарапшы Динара Қамзанованың пікірінше, мұндай балаламалы тәсілдерді де көру керек, алайда бұған дейін электронды сайлау жүйесін енгізген бірқатар мемлекетте техникалық қате кеткен, сондықтан мұны толықтай зерттеу қажет.

«Сайлаудың әділ өтуі үшін негізгі фактор халықтың сайлауға деген қызығушылығы, белсенділігі және халықаралық бақылаушылардың көптеп қатысуы. Сондықтан халық өзіне керек билікті таңдау үшін өзгерісті өзінен бастап, сайлауға белсенді түрде қатысуы керек деп санаймын. Әлемде электрондық сайлау тәсілін қолданған елдерде біраз техникалық қателіктер болған. Оны біздің мамандар толықтай зерттеп, біртіндеп енгізеді деп сенемін», - деді ол.

Оған қоса әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Саттарұлы әділдікті қамтамсыз ету үшін сайлау учаскелері мен орталық сайлау комиссияларының ашықтығы маңызды екенін атап өтті.

«Сайлау жүйесіндегі әділдікті қамтамсыз ететіндер орталық, аумақтық, округтік, учаскелік комиссиялар. Олардың жұмысында адалдық пен ашықтық болмай әділ сайлау болмайды. Ал сайлау жүйесіндегі электронды формат деген әрине жаңашылдық, қаржыны және уақытты үнемдеу деп іске қосуға болады. Десек те кез келген электрондық жүйенің қауіп-қатерлері мол екенін ұмытпаған жөн», - дейді әлеуметтанушы.

Қорытындылай келе, енді сайлау науқаны кезінде әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беріледі. Байқаушылардың қызметі заңмен реттеледі. Аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілі қайта қаралады. Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау мақсатында 10 негізгі бағыттан тұратын Жалпыұлттық жоспар да әзірленді. Мемлекет басшысы Жолдауды іске асыру жөніндегі іс-шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын да атап өткен жөн.

Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар