Сайлау учаскелеріне келіп жатқан халықтың көңіл-күйі көтеріңкі - халықаралық байқаушылар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінгі сайлау барысын халықаралық байқаушылар да бақылап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының бір топ байқаушысы дауыс беру барысын бақылауда.

«Сайлау учаскелерінде таңертеңнен мерекелік көңіл-күй байқалады. Дауыс берушілердің белсенділігі байқалады. Таңертең біз сайлау учаскесіне келгенде адамдардың қарасы көп болды. Бұл азаматтық белсенділіктің белгісі. Сайлау учаскелері Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Сайлау алдында учаскелер ресми түрде ашылып, әнұран орындалды. Дауыс беру уақытылы басталды», - дейді ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының халықаралық байқаушы Дилрабо Мансури БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, сайлау учаскесінде әзірге заңбұзушылық анықталған жоқ.

«Дауыс беру кабиналары тәртіпке сай ұйымдастырылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі және мүгедек жандарға да жағдай жасалған. Сайлауды соңына дейін бақылаймыз», - дейді ол.

Бұған дейін ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының байқаушылары сайлау барысына қатысты пікір білдірген еді.


Соңғы жаңалықтар