Сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар байқалған жоқ - ИКҰ делегациясының мүшесі

None
None
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы аясында сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар байқалған жоқ.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ислам Конференциясы Ұйымы делегациясының мүшесі (Түркия) Шукру Туфан айтты.

«Қазақстандағы сайлауға байланысты Ислам Конференциясы Ұйымы атынан құралған делегация бірқатар дауыс беру учаскелерінде болып қайтты. Атап айтқанда, осы учаскелерді аралау кезінде қандай да бір заң бұзушылықтарды байқаған жоқпыз»,-деді ол.

Ш. Туфанның сөзіне қарағанда, дауыс беру үрдісі ашық әрі транспарентті түрде өтіп жатыр. «Тоқтала кетер жайт, сайлау учаскелеріне дауыс беруші азаматтардың қатары көп. Сондықтан да дауыс берудің қалған уақытында да біз осындай оң үрдіс болады деген сенімдеміз»,-деді делегация мүшесі.

Осы орайда ол бүгін түстен кейін Ислам Конференциясы Ұйымының делегациясы басқа да сайлау учаскелерінде байқаушы ретінде қатысатынын жеткізді. «Осының нәтижесі бойынша біз өзіміздің байқаушы миссиямыз аясында қорытынды мәліметтерді ұсынатын боламыз»,-деп түйіндеді Ш. Туфан.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтуде. Республика бойынша таңғы сағат 7:00-де барлық сайлау учаскелері ашылды. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар