Сайлау учаскелері қандай жағдайда ерте жабылуы мүмкін

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 19 наурыз күні алматылықтар мегаполистің барлық сегіз ауданында біркелкі орналасқан 602 сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуынша, Түрксіб ауданындағы № 440 (ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің әскери бөлімінде орналасқан) бір сайлау учаскесі дауыс берушілердің сол жерде болмауына байланысты жұмыс істемейді. Тиісті шешімді бөлімше командирінің өтініші негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қабылдады.

«Барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру жәшіктері бар, дауыс беру кабиналары да жеткілікті. Сондай-ақ жиһаздармен, қажетті техника, кеңсе тауарларымен жабдықталған. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар дайындалды. Көзі нашар көретін сайлаушыларға аудиоматериалдар мен трафареттер әзірленді. Барлығы 602 сайлау учаскесі бар», - деді Айгүл Қалықова.

Сонымен қатар ол дауыс беруге арналған ғимараттар қажетті ақпараттық материалдармен жабдықталғанын атап өтті. №3 сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарына қатысты ақпараттық материалдардың бір бөлігі бүгін кешке дейін осы округтегі сайлау учаскелерінің стендтерінде орналастырылады.
«70 сайлау учаскесінде тізімге енгізілген сайлаушылардың бәрі өз таңдауын жасап болса, дауыс беру кез келген уақытта аяқталуы мүмкін. Олар Конституциялық заңның 38-бабының 3-тармағына сәйкес медициналық мекемелердегі, әскери бөлімдердегі сайлау учаскелері»,- деді спикер.
Сондай-ақ Алматының 7 сайлау учаскесінде (әскери бөлімшелер) дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталады.


Соңғы жаңалықтар