Сайлау: «Тыныштық күні» үгіт-насихат плакаттары алынуы тиіс пе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сайлау алдындағы «тыныштық күнінде» кандидаттарға қатысты үгіт плакаттарын алу міндетті ме? «Заңгерлер әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігінің өкілдері аталмыш мәселе бойынша БАҚ өкілдеріне толыққанды түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңы бойынша сайлауға бір күн қалғанда және дауыс беру күнінде ешқандай насихат жүргізілмеуі керек. Сайлауалды штабтар мен сенімді өкілдер ешқандай шара өткізе алмайды. Ал көшелерге ілініп қойған үгіт плакаттары мен өзге де көрнекі ақпараттарды алып тастау міндетті емес. Ең бастысы, орны ауыспауы тиіс. Оны басқа жерге ілу заңбұзышылық болып есептеледі», - дейді заңгер Сәуле Амандықова.

Заң ғылымдарының докторы мұндай талап интернет-басылымдарға да қатысты екенін айтады.

«БАҚ бетінде немесе интернет-басылымда шыққан үгіт материалдарын да жою міндетті емес. Оның да бастапқы орны сақталуы керек. Яғни «тыныштық күніне» дейін бұрышта тұрған материал алдыңғы бетке шығып кетпеуі керек. Ондай әрекеттер сайлау туралы заңды бұзу болып саналады», - дейді маман.

«Заңгерлер әділ сайлау үшін» бірлестігінің хабарлауынша, «тыныштық күні» 7 маусымнан 8-маусымға қараған түнгі сағат 0.00-ден басталады. Осы сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша барлық үгіт-насихат шаралары тоқтайды.

Айта кетейік, шара барысында заңгерлер "Жұмыс берушілер қол астындағы қызметкерлерінен сайлауға қатысқан-қатыспағаны туралы есепті талап ете ала ма?" деген сұраққа жауап берді.

Елімізде кезектен тыс президенттік сайлау алдағы 9 маусым күні өтеді. Президент лауазымына 7 кандидат үміткер.

Соңғы жаңалықтар