Сайлау тыныш, тұрақты рәуіште өтіп жатыр – қырғызстандық байқаушы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Шайлдабекова Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауын ұйымдастыру деңгейі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бірнеше учаскеде болып, Алматы мен Шымкент қалаларында, Түркістан облысында байқаушы болып жатқан Қырғызстан өкілдерімен пікір алмастық. Өздеріңіз білетіндей, бұл өңір дауыс берушілердің сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша көш бастап келеді. Біздің байқаушылар азаматтардың көптеп қатысып жатқанын айтуда – адамдар сайлау учаскелеріне жақсы көңіл күймен, тіпті кейбірі отбасымен келіп жатыр», - деді Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Шайлдабекова.

Қырғызстан өкілі бұл сайлау құқықтық тұрғыда да, ұйымдастыру тұрғысынан да бүкіл халықаралық міндеттемелер мен стандарттарға сәйкес ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.

«Заңнаманың өрескел бұзылғанын көрген жоқпыз. Сайлау учаскелерінде дауыс беру процесіне, комиссиялардың жұмысына килігу байқаған жоқпыз.

Сайлау тыныш, тұрақты рәуіште өтіп жатқанын атап өткіміз келеді, Сайлау жария негізде, ашық өтіп жатыр. Дауыстарды санау шынайы өтеді, халық мемлекет басшысы болуға лайықты адамды сайлайды деп үміттенеміз», - деді Қырғызстан ОСК төрағасы.

Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметіне сүйенсек, елімізде дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азамат тіркелген. Олар республика аумағында орналасқан 10 101 сайлау учаскесінде дауыс береді. Ал 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматына дауыс беру мүмкіндігі жасалған.

Бұған дейін ОСК кезектен тыс Президент сайлауының барысын 641 халықаралық байқаушы қадағалайтынын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар