Сайлау туралы заңнаманы бұзудың 18 фактісі расталды – Бас прокуратура

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазиннің айтуынша, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша, сайлау туралы заңнаманы бұзудың 18 фактісі расталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін сайлау процесіне қатысушылармен заңнама талаптарының және азаматтардың конституциялық құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету біз үшін жұмыстың басты басымдығы болып отыр. Бұзушылықтар туралы келіп түскен әрбір хабарлама мұқият тексеруден өткізілуде.

Қазіргі уақытқа 18 тұлғаның тарапынан «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның талаптары бұзылу фактілері расталды. Олардың 12-сі, бұдан бұрын айтылғандай, азаматтарға басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкiндiк жасау мақсатында сайлау бюллетеньдерiн берумен байланысты. Олардың бесеуі Алматы облысында, үшеуі Солтүстік Қазақстан облысында, біреуі Жетісу облысында және Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында бір-бірден», - деді Бас прокуратура өкілі Qazaqstan телеарнасы өткізіп жатқан онлайн телемарафонда.

Сондай-ақ, Азамат Сарғазин бұл құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі деп танылған сайлау комиссиясының мүшелері Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 110-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылуып жатқанын атап өтті.

«5 факт басқа сайлаушы үшiн дауыс берумен ұштасқан. Олар бойынша тең сайлау құқығы туралы талапты бұзған азаматтардың жауаптылығы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 108-бабы бойынша шешілуде. Тағы 2 факт – тыйым салынған кезеңде, яғни бүгін сайлау алдындағы үгіттің жүргізілуі. Олар Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында орын алған. Бұл әрекеттер Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 102-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамын құрайды», - деді Бас прокуратура өкілі.


Соңғы жаңалықтар