Сайлау: Онлайн-сауалнаманы тек тіркелген заңды тұлғалар жүргізе алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан заңнамасына сәйкес, сайлау кезінде қоғамдық пікірге сауалнаманы тіркелген заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау коммиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау заңнамасына сәйкес, қоғамдық пікірге сауалнаманы Қазақстан заңнамасымен тіркелген заңды тұлғалар жүргізе алады. Сонымен қатар қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша 5 жылдық тәжірибесінің болуы туралы талап қарастырылған. Ең бастысы, тиісті құжаттарының көшірмелері тіркелген хабарлама Орталық сайлау комиссиясына алдын ала түсуі тиіс», - деді ол ОСК-де өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, ОСК-ге жіберетін аталған хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын мамандар туралы мәліметтер міндетті түрде көрсетілуі қажет. Маманның бұл саладағы жұмыс тәжірибесі, қоғамдық пікірге сауалнама алу өткізілетін өңір, зерттеу барысында қолданылатын сараптама туралы да мәліметтер көрсетілуі тиіс.

Сонымен қатар заңда сайлаумен байланысты қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесін жариялауға қатысты да талап бар. БАҚ сауалнама жүргізген заңды тұлғаны, сауалнамаға тапсырыс беріп, төлем жасаған тұлғаны міндетті түрде көрсетуі керек.

«Мұнан бөлек, орнын, сауалнама өткізу уақытын, ақпаратты жинау және сауалды нақты құру әдісін, сауалнама алынғандар саны мен нәтижелердің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті. Мұның барлығы - заң талабы. Дауыс беруге дейінгі 5 күннің ішінде, сонымен қатар дауыс беру күнінде нәтижелерді жариялауға жол берілмейді. Бұл норманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді Анастасия Щегорцова.

Айта кетейік, 21 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.


Соңғы жаңалықтар