Сайлау оң өзгерістер мен жаңа бастамаларға себеп болады - Нүркен Аралбеков

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Екі айдан соң ел тұрғындары Қазақ елінің жаңа Президентін сайлайды. Бұл саяси науқанның ел тұрғындары үшін маңызы жоғары. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нүркен Аралбеков жарқын болашақ үшін және балаларының келешегі үшін өз таңдауын жасауға әзір.

Нүркен Бауыржанұлы конституциялық реформаның іске асуының арқасында сайлау науқаны да барлық заң талаптарын сақтай отырып жүргізілетініне сенімді. Жас маман соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырып келеді деп біледі.

«Президенттің халыққа Жолдауында айтылған Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынуы да ел арасында қызу қолдау тапты. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуді жалғастыру да - күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қарапайым тұрғын ретінде осы әлеуметтік маңызы зор мәселелер шешімін тапса елдегі саяси жүйені өзгертудің мән-маңызын оң қабылдаймын»,-дейді ол.

Алдағы 20 қарашада кезектен тыс Президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы бүгін Президенттің қаулысы жарияланды. Демек ел тұрғындарын маңызы жоғары саяси науқан күтіп тұр.

«Бұл сайлау науқаны ел экономикасын қарқынды дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні анық. Демократияның жарқын үлгісі болатын саяси науқан тек оң өзгерістер мен жаңа бастамаларға себеп болады деген ойдамын», - дейді, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нүркен Аралбеков.






Фото: turkystan.kz


Соңғы жаңалықтар