Сайлау: Мемлекетті қалыптастырудың құралы ретінде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2021 жылғы 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Сайлаудың мемлекетті басқару, заң шығару саласын басқаруда айрықша орны бар. ҚазАқпарат strategy2050.kz сайтында шыққан мақаланы назарға ұсынады.

* * *

Сайлау тарихы тереңге кетеді. Осыдан екі мың жыл бұрын ежелгі Грекия мен Римде халық мемлекеттің саяси өміріне араласып, жиналыстарда ашық дауыс беру арқылы әртүрлі мәселеге өз көзқарасын білдіретін болған. Сол дауыс берулердің өзінде қол көтеру немесе бюллетень арқылы өз ұстанымын білдіріп, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысқан. Қоғамның бірқатар әлеуметтік санаттағы тобының дауыс беру құқығы болмауына қарамастан, осы үдерісті бүгінгі заманауи классикалық сайлаулардың прототипі деп айтуға болады.

Жалпы азаматтың мемлекетті басқару саласына қатысуында түрлі тетіктер бар. Мысалы кез келген адам жеке азамат ретінде жергілікті мәслихаттар, парламент депутаттары мен ел президентін сайлау арқылы таңдау жасау құқығына ие. Бұл азаматтың мемлекетті басқару саласына тікелей араласуы болса, өзі сайлаған өкілі ретінде сол депутаттар немесе президент арқылы мемлекетті басқару саласына араласуы жанама қатысу саналады.

Тіпті, соңғы жылдары жергілікті ауыл әкімдерін тұрғындардың сайлауы сарапшылар мен қарапайым халық тарапынан бірнеше рет көтеріліп, соңғы уақытта ресми іске аса бастаған процесс. Өйткені өз әкімін халықтың өзі сайлауы оның қызметінде тиімділікті арттыратыны сөзсіз. Алайда әкімге бюджет көзін тиімді мақсаттарға жұмсау еркіндігін бергенде және тікелей халықтың алдында жауаптылығын күшейткен жағдайда ғана мұның нәтижесі оң болмақ.

Сайлау – халықтың ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы өзі өмір сүретін ортаны басқарушы, халықтың атынан өкілдік етуші тұлғаны таңдау және оған өкілеттілік беру үдерісі. Ал өкілеттік алған тұлғалар мемлекеттік маңызды мәселелерде халықтың атынан өкілдік етіп, оның мүддесін қорғауға міндетті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп жазылған. Сайлау арқылы халықтың мемлекеттік басқару саласына араласуы әлемдегі көптеген халықаралық шарттармен бекітілген.

Атап айтқанда, 1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған «Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясының» 21-бабында «Әрбір адам өз мемлекетін басқаруға тікелей және еркін таңдалған өкілдері арқылы аралсуға құқылы» деп жазылған.

Сонымен қатар, Адам құықықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы конвенция, Адам және халықтардың құқықтары туралы Африка хартиясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт және т.б. көптеген мемлекеттер ратификациялаған халықаралық құқықтық келісімшарттар адамдардың сайлау құқығына қатысты таңдау құқығын мойындайды.

Әлемде кең таралған қағидаға сәйкес азаматтардың сайлауға қатысты құқығы белсенді және бәсең болып екіге бөлінеді. Қазақстан Республикасы Сайлау туралы заңының 4-бабында бұл ұғымдарға былайша баға берілген. «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы», ал «Бәсең сайлау құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихатының депутаты немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органына мүше болып сайлану құқығы» деп анықтама берілген.

Жалпы, сайлаудың әлемде кең таралған негізгі үш түрі бар. Олар мажоритарлық (француздың majoritee, яғни көпшілік сөзінен шыққан), пропорционалдық және гибридтік жүйе.

Мажоритарлық сайлау жүйесінде кандитаттар партия атынан емес жеке тұлға ретінде сайысқа шығады. Ең көп дауыс жинаған («50%+1» формуласы бойынша) кандидат мәслихатқа немесе парламентке депутат атанады.

Ал пропорционалдық сайлау жүйесінде сайлаушылар жекелеген кандидатқа емес партияға дауыс береді. Партиялардың дауысқа түсу рейтингіне орай парламент пен мәслихаттан орын саны бөлінеді. Ол орындарға кімдер баратынын партияның өзі ішкі тәртіппен таңдайды.

Сондай-ақ, аралас сайлау жүйесі де бар екенін айта кеткен жөн. Бұл мажоритарлық-пропорционалдық сайлау жүйесі. Яғни, депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалғаны жеке кандидаттар арасында өтетін бәсеке нәтижесінде анықталады.

Гибридтік сайлау жүйесі мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйелерінің синтезі, яғни кандидаттарды мажоритарлық жүйедегідей сайласа, оларды ұсыну жағы пропорционалдық сайлау жүйесіне сәйкес ресімделеді.

Мажоритарлық сайлау жүйесі халық арасында кең танымал әр түрлі ұстанымдағы жекелеген азаматтардың билік басына келуіне мүмкіндік жасайды. Бұл өкілді органға сайланған адамдар арасында бірізді саясаттың, ортақ консенсустың болмауына ықпал етуі мүмкін. Ал пропорционалдық сайлау жүйесінде саяси, әлеуметтік, экономикалық бағыты қалыптасқан, ортақ мақсаттар мен міндеттер аясына топтасқан көпшілік қауымдастықтың, яғни партияның саяси додаға түсуі, осы арқылы ортақ мақсат төңірегінде өкілдік органда жұмыла жұмыс істеуіне жағдай қалыптасады. Бірақ саяси партияның шешімі халық қолдайтын жекелеген көшбасшыларға түсе бермейтін жағдайлар кей кездері кездесіп жатады. Бұл ретте мұндай саяси партиялар өз жақтасы ретінде қоғамда белгілі азаматтарды партия қатарына қосуға тырысады. Ал аралас сайлау жүйесінің ұтымды тұсы партия қатарына кірмесе де өкілдік органға халықтың қолдауымен бара алатын азаматтардың бара алуы. Осы арқылы жеке ұстанымы бар, қандай да бір партия құрамына кірмеген белсенді азаматтар мемлекеттік басқару саласына қатысуға мүмкіндік алады.

Аталған сайлаулардың өзі өткізілу форматына орай негізгі екі түрге бөлінеді. Тікелей және жанама дауыс беру. Тікелей дауыс беру әрбір аазматтың кандидатқа дербес бір бюллетень арқылы дауыс беруі болса, жанама дауыс беру белгілі бір кандидатты өзі дауыс беру арқылы таңдаған өкіл арқылы сайлау үдерісі саналады.

Тікелей дауыс беру түсінігі айқын болса, жанама дауыс беруге мысал ретінде еліміздегі Сенат депутаттарын халықтың тікелей емес, өздері сайлаған жергілікті мәслихат депутаттары арқылы сайлайтынын атап көрсетуге болады. Атап айтқанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңының 3-бабының 2-тармағына сәйкес «Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi».

Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтары тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан дауыс беруге құқылы. Заңға сәйкес сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Өркениетті елдердің көпшілігінде азаматтардың сайлауға барып, дауыс беруі мәжбүрлеусіз, яғни адамның жеке қалауына, белсенділік көрсеткішіне байланысты. Австралия, Автрия, Италия сияқты елдер абсентизм фактісі, яғни азаматтардың сайлауға қатыспауына орай кінәліні заңмен қудалап, айыппұл салу немесе қоғамдық жұмысқа мәжбүрлеу сияқты әкімшілік шаралар қарастырған. Ал Бельгияда азамат бірнеше рет сайлауға бармаса сайлау құқығынан он жылға айрылып, мемлекеттік қызметке тұруға шектеу жасалады. Сондықтан сайлауға баруды міндеттейтін мемлекеттерде әдетте сайлауға қатысатындар жалпы сайлаушылардың 90 пайызынан асады.

Қазақстанда болса сайлауға бару немесе бармау әр азаматтың жеке таңдауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 3-бабы, 3-тармағына сәйкес ел азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.

Сайлаудың әділ, шынайы және ашық өтуі үшін азаматтардың сайлауға қатысуы және сайлаудың ұйымдастыру тәртібі бойынша да нақты қағидалар бар. Азаматтардың сайлауға қатысуына қатысты мынадай талаптар бар:

- дауыс берудің жалпыға теңдей мүмкіндігі;

- тікелей немесе жасырын дауыс беруге мүмкіндіктің болуы;

- дауыс берудің еркіндігі және дауыс беруге мәжбүрлемеу принципі.

Сондай-ақ, ұйымдастыру тәртібіне қатысты келесі қағидалар бар:

- сайлаудың бекітілген мерзімнен кешіктірілмей ұйымдастырылуы (яғни, сайлаудың өтуін жариялау және оны іске асыру);

- таңдау құқығының болуы, яғни тек бір ғана кандитатты тіркеуден аулақ болу;

- сайлауды ұйымдастыру шараларының заңнама талаптарына сәйкес әділ әрі ашық болуы.

Сайлаудың әділ әрі бәсекелі өтуі кез келген елдегі азаматтық қоғамның қалыптасқанын, мемлекеттің өркениетті екенін көрсетеді. Осы ретте, өз елінің немесе өзі өмір сүретін аймақтың тағдырына алаңдаушы азамат жеке өзіне ұнаған кандидатқа немесе партияға дауыс беру және сайлау үдерісінің заң талаптарына сай өтуіне ресми бақылау жасауға үлес қосқаны жөн. Жалпы, қоғамдық бақылаушылар институтының қалыптасуы әлемде ерте замандардан басталып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бұл өркениетті қоғам құру жолындағы маңызды шарттардың бірі.

Тәуелсіз бақылаушылар негізінен халықаралық ұйымдардан, өзге шет мемлекеттерден, сондай-ақ қандай да бір кандидат немесе партияның жеңіске жетуіне бүйрегі бұрмайтын бейтарап үкіметтік емес ұйымдардан ұсынылып, сайлаудың әділ өтуіне мониторинг жасайды. Сондай-ақ, кез келген кандидат немесе партия өз атынан сайлаудың әділ өтуін қадағалайтын бақылаушы азаматтар дайындап, сайлау кезінде сайлау учаскелеріне жолдау алады. Бұл әлемде сайлаудың өтуіне қатысты негізгі қағидалардың бірі. Бақылаушылар сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуін, бұрмалаушылықтың болмауын бақылаумен қатар, ең соңында дауыс бюллетеньдерін санап, хаттаманың шығарылуына дейін қадағалайды. Олардың басты халық қалаған лайықты кандидаттың әділ сайлауда анықталуын қамтамасыз ету. Қазақстанда мұндай үрдіс қалыптасқан және бақылаушылар институтының деңгейі уақыт өткен сайын жақсарып келеді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда Президент сайлаулары және Парламент пен Мәжіліс депутаттарының сайлаулары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазақстанда азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда көш ілгері. Елдегі сайлаулардың өту барысын сынаушылар да, оны оң бағалаушылар да бар.

Айта кетерлік мәселе, әлемде қандай да бір сайлауға қатысты толық әділетті немесе дұрыс өтті деп баға алған сайлауды кездестіру қиын. Бұл ретте, азаматтардың өз құқықтарын пайдалану және оны қорғай білу ұстанымы берік болған сайын шынайы азаматтық қоғам қалыптасады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы алдағы сайлауда әйелдер мен жастардың үлесі жалпы сайланушылардың 30 пайызынан төмен болмауы тиіс деген ұстаным да қоғам тарапынан екі жақты ой қалыптастыруда. Биліктің, қоғамның назарынан тыс қалып, құқықтары жеткілікті қорғалмай жатқан екі әлеуметтік топтың билік құрылымдарына жетіп, маңызды мәселелерге араласуы елдің дамуы жолындағы оң үдеріс болғанымен, жынысына, дініне, көзқарасына қарамастан шынайы демократиялық бәсекелес орта құру принциптеріне кереғар келіп жататыны да айтылуда. Бәлкім бұл үрдіс қоғамдағы қордалаған мәселелерді шешу жолындағы уақытша қадам болар. Алайда осыған ұқсас жағдайлар бойынша алдағы уақытта жиі қайталатын сценарийге айналып кетпесе болғаны.

Қорыта келгенде айтарымыз, сайлау – азаматтардың билікке, мемлекетті басқару саласына араласуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Оны дұрыс пайдалану қарапайым халық пен мемлекетті басқару аппаратына тікелей тәуелді.

Автор: Сәкен Есіркеп


Соңғы жаңалықтар