Сайлау күнінде құқық бұзған тағы 6 адам жауапкершілікке тартылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сайлау күнінде құқық бұзған тағы 6 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин айтты, деп хабарлайды ҚазАпарат тілшісі.

«Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кезектен тыс сайлау тағайындалған күннен бастап, прокуратура органдары науқанның барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етті. Сайлау процесі дауыс беру күнін қоса алғанда, жалпы тыныш жағдайда өтті. Азаматтардың құқықтарын бұзатын елеулі заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Дегенмен, қадағалау барысында сайлаудың қорытындыларына айтарлықтай кері әсері тимейтін заң талаптарын бұзудың жекелеген фактілері анықталды», - деді ол Орталық сайлау комиссиясындағы брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, дауыс беру күнін қатаң бақылау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан жауапқа тартылғандардың саны сағат сайын өзгеріп отыр.

«Дәл осы сәтте маған түскен соңғы мәліметке сәйкес, тағы 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен, дауыс беру күні орын алған әкімшілік құқық бұзушылық саны 40-қа жетті. Оның ішіндегі 11-і бізге келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде анықталған. Барлығы бойынша кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Азамат Сарғазин.


Соңғы жаңалықтар