Сайлау қорытындысы туралы айту әлі ерте – ШЫҰ өкілі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары, миссия басшысы Григорий Логвинов өтіп жатқан сайлауға қатысты халықаралық байқаушы ретінде өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау қорытындысы туралы айту әлі ерте. Процесс өтіп жатыр. Байқаушылар миссиясы өз жұмысын бастады. Астанада бесінші күн жүрміз. Осы уақыт ішінде Орталық сайлау комиссиясы басшылығымен кездесу өткіздік. Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық, жақсы әсердеміз. Сайлауға дайындықтың жан-жақты, әрі кәсіби деңгейде екенін атап өткім келеді. Әсіресе техникалық сәттерге ерекше мән берілген», - деді Григорий Логвинов елордадағы №111 сайлау учаскесінде БАҚ өкілдеріне сұхбат бере тұрып.

Сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары еліміздің депутаттық корпусына қатысты пікір білдірді.

«Бізде өте оптимистік және оң көзқарас қалыптасты. Қазақстан ШЫҰ-ның ең жауапты мүшелерінің бірі. Біз бейтарап позитивті көзқарасты басшылыққа аламыз. Сонымен қатар, мемлекеттік ішкі ісіне араласпаймыз және сайлау заңнамасына баға бермейміз. Бұл ШЫҰ-ның негізгі қағидаттарына үзілді-кесілді қайшы», - деп толықтырды шетелдік мейман.

Айта кетсек, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы атынан бүгінгі сайлау барысын 18 байқаушы қадағалап жатыр. Олар байқаушы міндеттерін елорда және Ақмола облысында жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар