Сайлау комиссияларының 40 проценті жаңартылды - ОСК

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл сайлау комиссияларының бес жылдық өкілеттік мерзімі аяқталып отыр. Осыған байланысты жергілікті жерде комиссиялардың құрамы өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәурен Ысқақовтың айтуынша, комиссия мүшелері саяси партиялардың ұсыныстары негізінде мәслихат депутаттарымен сайланды. Заңға сәйкес, партиялардың ұсыныстары комиссия құрамын қалыптастыруға жеткіліксіз болса, онда қоғамдық бірлестіктердің, содан кейін жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсыныстары ескеріледі. Осы жолы комиссия мүшелерінің 68,7 проценті саяси партиялардың ұсыныстары негізінде сайланды. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясынан - 14,5 процент, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясынан - 14 процент, «Ауыл» демократиялық патриоттық партиясынан - 13,7 процент, «Ақжол» демократиялық партиясынан - 13,4 процент, «Бірлік» саяси партиясынан - 13 процент, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан - 0,11 процент комиссиялардың құрамына енді. Қалғаны қоғамдық бірлестіктер мен жоғары тұрған комиссиялардың ұсыныстары негізінде сайланды. Бұдан бөлек, республика бойынша 1 481 мүмкіндігі шектеулі азамат коммиссияларға кірді.

«Осылайша, барлығы 10 202 сайлау комиссиясының құрамы қалыптастырылды. 232 аумақтық, оның ішінде 17 облыстық, Астана, Алматы мен Шымкенттің комиссиялары, 215 қалалық және аудандық комиссиялар, сондай-ақ, 9 970 учаскелік комиссия бар. 2014 жылмен салыстырғанда сайлау комиссияларының саны 3 105-ке азайған. Бұл ретте аумақтық комиссиялардың саны 9-ға, ал учаскелік комиссиялар 221-ге көбейді. Сайлау заңнамасында жаңалықтарға сәйкес округтік комиссиялардың құрамы қалыптастырылмаған», - деді Д. Ысқақов бүгін Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, учаскелік комиссия мүшелерінің саны 1 905-ке қысқарып отыр. Ал сайлау комиссияларының құрамы 40,5 процентке жаңартылды. «Комиссия мүшелерінің 70 процентінде сайлау саласында жұмыс тәжірибесі бар. 66,4 процентінде жоғары білімі бар. Орташа жасы - 44. Комиссия мүшелерінің 55,8 проценті 35-55 жас аралығында. 30 жасқа дейінгі мүшелер 13,6 процентті құрайды. 66,8 проценті - әйелдер», - деп атап көрсетті Д.Ысқақов.
null

Айта кетейік, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы өткен жылғы ауыл әкімдерін сайлаудың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, былтыр елімізде 600-ге жуық әкім ауысты.

Соңғы жаңалықтар