Сайлау кезінде құқық бұзғандарға айыппұл салынып, жұмыстан шеттетілді - ОСК

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Мәжіліс сайлауында жәшіктерге артық бюллетеньдерді салып жіберу фактілері болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«№279 сайлау учаскесінде - бұл Қарағанды облысы Саран қаласы Ақтас кентінде артық бюллетеньдерді жәшіктерге салып жіберіп жатқаны көрсетілген видео жарияланды. Бұл іс зерттелді, прокуратура органдары онымен айналысып, тиісті тұлғаларға айыппұл салынды. Атап айтқанда, комиссия төрағасы мен қоғамдық бірлестіктің бір бақылаушысына айыппұл салынды. Сонымен қатар комиссия төрағасы дереу жұмыстан шеттетілді», - деді ол баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осындай құқық бұзушылық Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округіндегі №455 сайлау учаскесінде тіркелген. Бұл оқиғағдан кейін хатшы мен учаскелік комиссияның мүшесіне айыппұл салынып, олар да жұмыстан шеттетілген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, сайлау күні құқық бұзушылық жасаған 42 адам жауапқа тартылды.

Қоса кетсек, бүгін ОСК Мәжіліс сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Оған сай, Парламенттің төменгі палатасына 6 партия өтті.


Соңғы жаңалықтар