Сайлау кезінде коронавирустың таралмауы үшін қандай іс-шаралар қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық вице-министрі - Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов Мәжілістің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде халық арасында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында арнаулы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған қаулыға сәйкес, сайлау процесінің барлық қатысушылары: бір рет қолданылатын медициналық немесе қорғаныш маскаларын, қолғаптарды кию режимін міндетті түрде сақтауы; қолды дезинфекциялау үшін антисептикалық құралдарды пайдалануы; адамдар арасында бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы; қол алысуды немесе тікелей байланыстың басқа да түрлерін болдырмауы қажет. Сайлау алды үгіт іс-шараларын теледидар, радио, баспа басылымдарын, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде өткізу ұсынылады. Сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған тегін баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, сондай-ақ белгішелерді, жалауларды, жалаушаларды таратуды бір рет қолданылатын қолғаптарды және қорғаныш маскаларын пайдалана отырып жүзеге асыру керек.

«Сайлау алды көпшілік іс-шараларын және үй-жай ішінде сайлаушылармен жеке кездесулерді өткізу кезінде: әлеуметтік қашықтықты мүлтіксіз сақтау үшін жеткілікті кең үй-жайларды пайдалануды; іс-шараға қатысушылардың температурасын үй-жайға кіреберісте байланыссыз бақылауды; үй-жайға кіреберісте және үй-жай ішінде қолды дезинфекциялауға арналған құралдарды пайдалануды; жуу құралдарын қолдана отырып, үй-жайды және барлық жұмыс беттеріне ылғалды жинау жүргізуді, дезинфекциялауды; жасанды желдету жүйесі болмаған жағдайда үй-жайға тұрақты желдету жүргізуді; ғимараттың техникалық мүмкіндіктері болған кезде үй-жайға бөлек кіретін және шығатын жолдарды; КВИ-дің профилактикасы шараларын сақтау туралы ақпараттық материалдарды орналастыруды; үй-жайға кіреберісте және үй-жай ішінде қашықтық белгілерін орнатуды; қатысушыларды әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызуды қамтамасыз ету қажет», - делінген қаулыда.

Айта кетейік, еліміздің орталық сайлау комиссиясы барлық 5 партиядан 312 кандидатты тіркеді. Оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам. Партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі сайлауында дауыс беруді өткізу кезіндегі жеребе қорытындысы бойынша сайлау бюллетеніндегі саяси партиялардың атаулары мынадай тәртіппен орналастырылатын болады:

1. «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

2. «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі.

3. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

4. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

5. «ADAL» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі.

Сонымен қатар 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Сайлаушы азаматтардың бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы резервін қоса, дайындалуға және сайлау учаскелеріне жеткізілуге тиіс сайлау бюллетеньдерінің саны партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 12038433 (он екі миллион отыз сегіз мың төрт жүз отыз үш) дананы құрайтын болып белгіленді.


Соңғы жаңалықтар