Сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға 10 мың полицей жұмылдырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сайлау уақытында қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға бүкіл Қазақстанда 10 мың полицей жұмылдырылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, 7-12 маусым аралығы - кезектен тыс сайлау уақытында біз күшейтілген қызмет түріне ауысамыз. Сайлау алдындағы кезеңде «Сайлау туралы» конституциялық заңнамаға сәйкес, барлық аймақтарда құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілетін болады. Жалпы, ІІМ ел аумағында қоғамдық қауіпсіздіктің тұрақты болуы үшін барлық шараларды қабылдап жатыр», - деді Мақсат Байболов.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, ірі қалаларға, мәселен Нұр-Сұлтанға басқа аймақтардан полиция қызметкерлерін тарту жоспарланып отырған жоқ.

«Нұр-Сұлтандағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін барынша көп қызметкер жұмылдырылатыны анық. Ал сайлау учаскелеріне (барлық өңір бойынша) 19 мыңға тарта қызметкер жұмылдырылады. Себебі, заңға сәйкес, бюллетеньдерді қорғау - полиция қызметкерлерінің міндеті. Ал жалпы, ел бойынша қоғамдық қауіпсіздік шараларына 10 мың полиция қызметкері тартылады», - деді Мақсат Байболов.

Айта кетсек, бұған дейін 9 маусым күні өтетін президент сайлауында төтенше жағдай қызметі де күшейтілген режімде жұмыс істейтіні хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар