Сайлау елдегі өзгерістерге жаңа серпін береді – Ерлан Қарин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгінгі сайлаудан кейін елде болатын саяси реформалар мен өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлаудан кейін елдегі реформалардың әрі қарай жалғасқанын күтеміз. Себебі бұл сайлау да жүзеге асып жатқан реформалардың жалғасы. Бүгінгі сайлау елдегі болып жатқан өзгерістерге серпін береді. Сонымен қатар халықтың мемлекеттік шешім қабылдау процесіне кеңірек тартылуына жағдай жасайды деп ойлаймын. Бір мандаттық округ бойынша кандиттардың сайлауға түсуі биыл енгізіліп отырған жаңашылдық. Бұл азаматтардың сайлауға түсу мүмкіндіктерін кеңейтті. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін партия мүшелері ғана сайлауға түсе алатын еді», - деді Ерлан Қарин дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, аралас сайлау жүйесін енгізу негізінде қарапайым адамдар бағын сынай алады.

«Бұл еліміздегі сайлау жүйесінің кеңеюінің, таңдаудың белгісі. Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға жаңа тұлғалар пайда болады. Бұл алдағы уақытта қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, саяси саладағы қоғамдық-саяси мүдделердің өкілдігін кеңейтуге ықпал етеді», - дейді ол.

Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің елордадағы №111 сайлау учаскесінде дауыс бергені туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар