Сайлау бюллетеніне «барлығына қарсымын» бағанын енгізу азаматтардың құқығын кеңейтеді – Ерлан Қарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сайлау бюллетеніне «барлығына қарсымын» бағанын енгізу азаматтардың сайлау құқығын кеңейтуге бағытталған үлкен қадам. Бұл жайында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Telegram каналында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл әкімдерін сайлау қарсаңында Мемлекет басшысының жүргізіп жатқа саяси реформаларының аясында тағы бір бастамасы іске қосылады. Ол сайлау бюллетеніне «барлығына қарсымын» бағанын қосуды көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы заңнамаға бұл норманы енгізу қажеттігі туралы алғаш рет осы жылдың 15 қаңтарында 7-ші шақырылған Парламенттінің бірінші сессиясын ашу кезінде айтқан болатын. Одан кейін тиісті заң жобасы әзірленді. Ал 24 мамырда Мелекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Сайлау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ілесе заңға қол қойып, ол маусым айының басында күшінде енді», - деп жазды Ерлан Қарин.

Оның атап өтуінше, осылайша, Мемлекет басшысының айтулы бастамасы іс жүзінде жарты жылдың ішінде сапалы жүзеге асырылды.

«Толықтай алғанда «барлығына қарсымын» бағанын енгізу азаматтардың сайлау құқығын кеңейтуге қарай жасалған тағы бір үлкен қадам саналады. Бұл новелла сайлау барысында саяси көзқарастардың барлық спектрын паш етуге мүмкіндік береді. Қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен сайлаушылық белсенділігін арттыруға септігін тигізеді», - деді ол.
Соңғы жаңалықтар