Сайлау бюллетеніндегі «Барлығына қарсымын» бағаны түпкі нәтижеге әсер ете ме

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясы ҚР Пезиденті сайлауы бюллетенінде болатын барлық кандидатқа қарсы дауыс беру мүмкіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру арқылы азаматтар өз таңдауын білдіре алады. Дегенмен қарсы дауысқа қарамастан 50 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат жеңімпаз болады. Егер бірінші турда нәтиже нақты болмаса, онда қайта дауыс беріледі. Содан кейін көпшіліктің даусын жинаған екі кандидат сайлауға жіберіледі. Одан әрі сол екеуі сынға түседі», - деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.

Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді.

«Біз заң шығарушы орган емеспіз. Яғни, біздің Парламент осындай заң қабылдаса, демек біз оған сүйенуіміз қажет. Ал барлық кандидатқа қарсы шыққандардың даусы неге ескерілмейтініне келетін болсақ, бұл - азаматтардың өз қалауын білдіру мүмкіндігі, дауыс берушінің кандидаттарға деген қарым-қатынасы», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 20 қарашада болатын президент сайлауы бюллетеньдерінде «Барлығына қарсымын» графасы болады. Яғни сайлаушылар барлық кандидатқа қарсы дауыс бере алады.

Бұған дейін ҚР Президенті сайлауына қатысатын кандидаттарға қол жинау парағын беру уақытының қысқарғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар