Сайлау: «Аманат» кәсіподақтар достастығынан кандидат Мейрам Қажыкен емтихан тапсыруда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясында президент сайлауына үміткер Мейрам Қажыкеннің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін лингвистика комиссиясының отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясында кезектен тыс президент сайлауына үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын лингвистика комиссиясының алғашқы отырысы өтіп жатыр. Сынақ тапсырушы – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігінен кандидат Мейрам Қажыкен.

Лингвистика комиссиясының төрағасы Әділ Ахметов үміткерлерді қандай тапсырма, сұрақтар күтіп тұрғанын айтты.

«Орталық сайлау комиссиясының шешімімен құрылған лингвистика комиссиясы бүгін жұмысын бастап кетті. Оның құрамына кірген алты ғалым туралы БАҚ-та жарияланғанын білесіздер.

Бірінші болып президентікке үміткер Мейрам Зекешұлы Қажыкен бүгін емтихан тапсырып жатыр. Ол азамат – «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан ұсынылған тұлға. Қазір бірінші сұрағын бітіріп, жазба жұмысын аяқтады.

Енді екінші сұраққа жауап беріп жатыр – еркін тақырыпта берілген мәтінді мәнерлеп оқу.

Үшіншісінде белгілі тақырыпқа сөз сөйлейді.

Емтихан әлі аяқталған жоқ. Комиссия мүшелері қазір тыңдап отыр. Емтихан барысында үміткер бүкіл жұмысын тасырғаннан кейін комиссия мүшелері әрбір сұраққа қалай жауап берді, қалай жазды, мәнерлеп оқу қалай болды, жазу жұмысының мазмұны қалай, мемлекеттік тілді еркін меңгерген бе, әлде меңгермеген бе, осылардың бәрін анықтағаннан кейін шешім шығарады. Ол шешім шыққан бойда үміткерге сол жерде айтылады. Яғни, үміткер мемлекеттік тілді қажетті деңгейде меңгерді ме, жоқ па деген сұраққа жауабын алып кетеді.

Әрине, бүгін бірінші күн. Ертең де, түстен кейін де жұмыс жалғаса береді. Меніңше, әзірге ақпарат құралдарына жариялайтын хабар осы ғана», - деді филилогия ғылымдарының докторы.

Еске салсақ, кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясында ҚР президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін белгілеу жөніндегі лингвистика комиссиясының бірінші ұйымдастыру отырысы өткен болатын. Оның құрамына филология, тіл білімі мен әдебиет саласындағы көрнекті ғалымдар: Ахметов Әділ Құрманжанұлы, Есім Гарифолла, Дәдебаев Жанқара Дәдебайұлы, Құрманбай Гүлтас Сайынқызы, Қамзабекұлы Дихан, Фазылжанова Анар Мұратқызы енді.

Сондай-ақ кеше кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде әйел-кандидат ұсынылған болатын.

Өзге кандидаттар туралы мәліметті мына сілтемден оқуға болады.



Фото: aiu.edu.kz




Соңғы жаңалықтар