Сайлау алдындағы үгіт-насихат: 7 партия қай салаларға басымдық беріп отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпаннан бері жалғасып келеді, яғни үш апта қатарынан тіркелген партия өкілдері ел халқына өздерінің бағдарламасын таныстырып жатыр. Осыған дейін Парламент Мәжілісі депутаттығына сайлауға түсіп жатқан кандидаттар 1 наурызда «Qazaqstan» Ұлттық арнасының тікелей эфирінде пікірсайысқа түскен еді. Мұндай кезекті пікірсайыс 10 наурызда 7 саяси партия өкілдерінің қатысуымен КТК телеарнасының тікелей эфирінде өтті. Оған «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысты.

AMANAT партиясы қандай мақсатты көздеп отыр

Пікірсайыс кезінде Мәжіліс депутаттығына кандидат Айдос Сарым сайлауалды бағдарлама туралы айтып берді.

«Біздің бағдарлама халықпен бірге жазылған. Біз тұрғындардың нақты мәселелерін білеміз және оларды шеше аламыз. Елде тәртіп орнатып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеміз. Елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару міндетін орындаймыз. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық, олигополияға және латифундистерге қарсы күресті күшейтеміз. Әр отбасы, әр қазақстандықтың табысын арттыратын боламыз. Жаңа әлеуметтік кодексті қабылдаймыз. Біз аға буынның зейнетақысын және базалық зейнетақыны көтереміз. Зиянды заттармен жұмыс істейтін адамдардың мерзімінен бұрын зейнетке шығуы талабын орындаймыз», - деді А. Сарым.

Мұнымен қоса ол мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлер мен әскери қызметшілердің жалақысын арттыру мәселесін атап өтті.

«2 миллионға жуық азамат алатын әлеуметтік көмекті 1,5 есеге көтереміз.1 миллионнан астам оқушы орнын қамтитын мектептер саламыз. 730 мың отбасына тұрғын үй саламыз. Экономика саласында жыл сайын 40 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашатын жүздеген кәсіпорын ашамыз. 1,5 млн жас қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Бірегей жағдай жасайтын жаңа салық кодексін қабылдаймыз. Одан бөлек, бизнес үшін 15 мың реттеуші кедергілерді алып тастаймыз», - дейді AMANAT партиясының мүшесі.

Сонымен қатар ол ауылдарға 1 трлн теңге бағытталатынын айтты.

«Аграрлық секторда 100 инвестициялық жобаны іске асырып, оған 1,5 млрд доллар жұмсаймыз. Біз «Жер аманаты» жобасын жалғастырып, мемлекетке тағы 5 млн га жерді қайтарамыз. Құрметті сайлаушылар, біз сайлау алды уәделеріміздің орындалуына кепілдік береміз», - деді Айдос Сарым.

Азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беру керек

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев айтуынша, Агробанк құру мәселесін шешу маңызды болып тұр.

«Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқатты арттырудың түбегейлі және жаңа саясатын ұсынады және оны жүзеге асыруға дайын. Партия ауылдық аймақтар мен аграрлық салаға ревизия жүргізуді көздеп отыр. Біз азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдаймыз. Индустриалды-аграрлық елге лайық реформалар болуы тиіс. Мемлекеттік бюджет есебінен барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кредиттік жүктемесін босатамыз. Ешкімнің батылы жетпеген Агробанк құру мәселесін шешеміз», - деді Ж. Дайрабаев.

Оның пайымынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін бүкіл салық түрлерін жою керек.

«Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы ауылға жайлы тұрмысты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ауылдардың инфрақұрылымын қалпына келтіріп, дамыту керек. Ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет, яғни олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау маңызды. Үйде бала бағып, оның тәрбиесімен айналысып отырған әйелдер мемлекеттен қаржылай қолдау алуы тиіс», - деді партия төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол ауыл мен қала арасындағы білім және медициналық қызмет саласындағы алшақтықты барынша жою керек екенін айтты.

«Елімізді индустриалды-аграрлық державаға айналдырамыз және сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі өте жоғары мемлекет құрамыз. Біз бақуатты ауыл, дамыған қала, қуатты мемлекет қалыптастырамыз», - деді Жигули Дайрабаев.

Қазақстан экономикасына қандай өзгерістер қажет

Пікірсайыс барысында Respublica партиясының тең төрағасы Динара Шүкіжанова қазақстандықтардың жағдайын жақсарту үшін партия не ұсынатынын айтты.

«Біз, Respublica партиясы экономикалық өзгерістердің түпкі нәтижесі - қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту екенін нақты түсінеміз. Сіздерге қарапайым ғана мысал келтірейін, 2023 жылы Қазақстанның кіріс бөлігі - 17 трлн теңге, ал шығыс бөлігі - 21 трлн теңге. Демек, 2023 жылы мемлекеттік бюджеттің тапшылығы 4 трлн теңге болады. Егер мемлекетіміз кәсіпорын болса, онда бұл кәсіпорын банкротқа ұшырар еді. Қандай саланы әрі қалай дамытуды қалағанымыз маңызды емес. Оған ақша жоқ. Мұны бизнес ұстанымы тұрғысынан айтып отырмын. Respublica партиясы – экономиканың шынайы секторында жұмыс істейтін бизнесмендер», - деді партияның тең төрағасы.

Динара Шүкіжанованың атап өтуінше, кейінгі 10 жылда қазақстандықтар пандемияны, девальвацияны, санкцияны бастан кешірді және күн сайын шынайы экономика жағдайында жұмыс істеп жатыр.

«Біз басқаша әдіс ұсынғымыз келеді. Біз экономиканың, Қазақстан экономикасының кірісті болғанын қалаймыз. Сол уақытта кез келген қаражатты денсаулық сақтауға, білімге және өзге де салаларды дамытуға жұмсауға болар еді. Қазіргі сәтте бәріміз де 30 жылдан кейін әлемнің жоғалып кетпейтінін жақсы білеміз. Мүмкін, залда отырған көпшілікке бұл қызық емес те шығар. Бірақ, мені бұл толғандырады. 30 жылдан кейін қызым қазіргі менің жасыма келеді. Оның қалай білім алатыны, қайда жұмыс істейтіні және қалай емделетіні өте маңызды. Біз инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Шикізаттық бағыттан өңдеуге бет бұруымыз керек», - деді ол.

Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр

Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамед Ертісбаев барша қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

«Біздің партиямыздың идеясы – социализм. «Қайдағы социализм?» деп сұрауларыңыз мүмкін. Мысалы, скандинавиялық социализм бар. Норвегия осыдан жарты ғасыр бұрын ғана Солтүстік теңізден мұнай мен газдың орасан зор қорын тапқан. Ал қазір әр норвегиялықтың арнайы шотында орта есеппен 238 мың еуро жатыр. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бізде идея бар, сол идеяға қадам басып келеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, егер 19 наурызда миллиондаған адам Халық партиясының бағдарламасын қолдаса, бұл идея материалдық күшке айналады. Біз бұл іске ізгі ниетпен қараймыз», - деді Е. Ертісбаев КТК телеарнасында өткен пікірсайыста.

Оның айтуынша, халық нақты өзгерістерді қалайды.

«19 наурызда кімге дауыс берсеңіздер де, өзіңіз білесіз. Тек азаматтық, конституциялық парызыңызды орындасаңыз болды, ең бастысы – сайлауға келіңіздер!», - деді партия төрағасы.

Сондай-ақ, ол пікірсайыс кезінде өзге партия өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, кәсіпкерлерді еркіне қоя беру керектігін айтты.

Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, әкімдер мен судьяларды сайлайтын жүйе енгізілсе, елдегі ахуал түбегейлі өзгермек.

ЖСДП не ұсынады

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

«Олигархияға бағытталған экономикадан арылатын кез келді. Қазақстан экономикасы - бұл қарапайым бөлшек сауда. Яғни, «сатып ал да – саудала», басқа ештеңе жоқ. Тек кейбір адамдар байып, миллиондаған азаматтар кедей болатын процесті тоқтату керек. ЖСДП не ұсынады? Біріншіден, оффшорлық шоттардағы барлық қаражатты елге қайтару орынды. Бұл одан әрі жүргізілетін реформалар үшін қажет», - деді А. Рахымжанов.

Оның пайымынша, еліміздегі кәсіпорындар мәселесін шешу керек, сондай-ақ байлықты өндіру және экспорттау салаларын біртіндеп ел меншігіне алу қажет. Мұнай, уран және алтын сияқты қазба байлықтар жекеленген адамдардың игілі мен басқаруы үшін берілген жоқ.

«Кім көп ақша тапса, сол бюджетке көбірек салық төлеуі тиіс. Бұл өз кезегінде тиімді әлеуметтік саясатты жүргізу үшін қажет», - деді ол.

Сонымен қатар А. Рахымжанов тұтынушылық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені және кепілдік бойынша ұсынылатын кредит пен ипотеканың үстемесін төмендету қажет екенін айтты.

«Тағы бір маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық халқымыздың өркендеуіне кедергі келтіреді. Онымен ашық және аяусыз күресу керек. Жемқорларды түрмеге жабу керек. Парламент те ашық болуы тиіс. Онда балама пікірлер еркін айтылуы қажет. Осының алдындағы шақырылымда болған партиялар өздерінің кәсіби жарамсыздығын көрсетті. Олар қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғамайды. Бағалар негізсіз қымбаттап жатыр. Мәселен, сіз дүкендерде қарыз дәптерлерінің бар екенін жақсы білесіз. Адамдар қарызға тамақтанады, қарызға өмір сүреді. Бұл дәптерлер біздің халқымыздың жағдайының нашарлағанын айғақтайды», - деді Асхат Рахымжанов.

Жер қойнауына қатысты келісімшартты қайта қарау керек

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұлттық кеңесінің мүшесі Дания Еспаева сайлауалды бағдарламада байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жою, экономиканы монополиядан шығару міндеті қойылғанын айтты.

«Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында біз кедейлікті азайту, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жою, экономиканы монополиясыздандыру міндетін қойып отырмыз. Біз кедейлікті қалай жеңуге болатынын білеміз – бұл үшін жаппай кәсіпкерлікке мүмкіндік жасау керек. «Ақ жол» партиясы шағын бизнесті есеп беруден босатуды, оның айналымын 100 млн теңгеге дейін ұлғайтып, патентпен жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етеді. Бір ғана осы мүмкіндік жұмыс орындарының санын көбейтуге мүмкіндік береді, жұмыспен қамтуға арналған бірде-бір бағдарлама мұндай нәтиже бермеген. Біз шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарды қайта қарауды және пайданы бөлуде Қазақстанның үлесін арттыруды талап етеміз», - деді Дания Еспаева КТК телеарнасында өткен дебатта.

Сондай-ақ, спикер «Ақ жол» партиясы Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен жемқорлардың ақшасын қайтаруды талап ететінін жеткізді.

«Жемқорлар жазасын өтегеннен кейін де Қазақстаннан тыс жерге шығуға құқығы жоқ деп санаймыз. Ауыл тұрғындарының баспана жағдайын жақсарту үшін міндетті ауылдық ипотекалық несиелеуді ұсынамыз, ал бүгінде қалаларға жаппай көшіп келе жатқан жастар үшін әкімдіктер әлеуметтік тұрғын үй салуы керек, сонда бұл жастар аяққа тұрып, болашақта өздеріне одан тәуір баспана сатып ала алады. Бүгінгі баспана бағдарламалары тек көпбалалы отбасыларға арналған, ал жас отбасылар не істеуі керек? Сондықтан біз жас отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламалар бойынша әрбір бала үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынамыз», - деп толықтырды Дания Еспаева.

Әділетті Қазақстанның мүддесі үшін күресіп жатырмыз

Партиялар өкілдері арасында пікірсайыста «Байтақ» жасылдар партиясынан қатысқан Айнұр Сәбитова партияның жоспары туралы айтты.

«Біз «Байтақ» жасылдар партиясын құрдық. Өйткені біз уәделерді естуден және ірі өнеркәсіптік компаниялардың еліміздің жер қойнауы есебінен қалай байып жатқанын көруден шаршадық. Өнеркәсіптер ауаны ластап жатыр. Балаларымыз осы лас ауамен тыныс алады, сондай-ақ мұндай жағдайдан ата-аналарымыздың да денсаулығы нашарлайды», - деді А. Сәбитова.

Осы орайда ол мұндай залал үшін, онкологиялық аурулар мен басқа да дерттер үшін ешкім өтемақы алмай жатқанын баса айтты.

А. Сәбитованың айтуынша, «Байтақ» партиясының тұғырнамасында денсаулығы мықты, ақылды, білімді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы қалыптасқан жастардың мүмкіндігімен экономиканы көтеріп, мемлекеттің қуатын арттыруға ерекше мән беріліп отыр.

Сонымен қатар ол салауатты өмір салты еліміздің экономикасына да оңтайлы ықпал ететінін жеткізді.

«Елімізге таза энергия мен таза өнеркәсіп қажет екенін айтқымыз келеді. Біз билік үшін емес, әділетті Қазақстанның мүддесі үшін күресіп жатырмыз. Біз күн сайын азаматтарымыздың, қарапайым халықтың құқығын қорғап келеміз. Егер біз Парламентке кірсек, онда «Байтақ» партиясы тиісті аудит жүргізіп, өнеркәсіптік кешеннің экологияға келтірген зиянына қатысты тәуелсіз зерттеулер жүргіземіз. Біз бұл бағытта тиісті әрекеттер жасап жатырмыз және жоспарымызды жүзеге асырамақпыз», - деді А.Сәбитова.


Соңғы жаңалықтар