Сайлау: Ақтөбелік егіздер алғаш рет өз таңдауын жасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік Мадияр мен Данияр Әміржановтар алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мадияр мен Данияр Әміржановтар Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектепте білім алды. Егіздер биыл кәмелет жасқа толды. Қазіргі кезде елордадағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетте «геодезия» мамандығы бойынша білім алып жүр. Екеуі бір топта. Бүгін олар өз таңдауын жасау үшін ерте тұрып, мектепте орналасқан сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

«Аздап қорқыныш болды. Біз кәмелет жасқа толып, сайлауға бірінші рет қатысып отырмыз. Сондықтан біз үшін өте маңызды қадам болды, өз таңдауымызды жасадық. Еліміздегі саяси өзгерістерді қарап отырамыз және өз үлесімізді қосқымыз келеді. Елімізде амандық, бейбітшілік болсын! Бұл – біздің болашағымыз», - деді Мадияр Әміржанов.

Әміржановтар отбасында бес бала бар. Мадияр мен Данияр отбасының үлкені.

«Мен де өз таңдауымды жасадым. Елдегі саяси өзгерістерге үлес қосуды шештім», - деді Данияр Әміржанов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 517 сайлау учаскесі бар. Оның 162-сі Ақтөбе қаласында орналасқан.


Соңғы жаңалықтар