Сайлау-2023: Саяси науқан туралы сарапшылар пікірі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарына сайлау аясында кандидаттардың үгіт-насихатының үшінші аптасы аяқталып келеді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан сағат 18:00-де басталды. Аталған науқан 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау өтеді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі сайлау додасы саяси бәсекелестік аясында өтіп жатыр. Осы орайда бірнеше сарапшының пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Сайлау науқанында түрлі форматтағы пікірсайыстар өткізу маңызды

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сайлау үдерістерін зерттеу бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Жанар Санхаеваның пайымынша, осы сайлау науқаны саяси бәсекелестік рухында өтіп жатыр.

«Қазір сайлауалды науқан өтіп жатыр. Бұл кандидаттардың көбі өз бағдарламасын белсенді ілгерілетіп жатқанын көрсетеді. Интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерге көп көңіл бөлініп жатыр. Аталған құралдар кандидаттардың қоғаммен жұмыс істеуіне кең мүмкіндік береді. Тиімді әрі жылдам әрекет етуде, сайлауалды бағдарламалардың негізгі тезистерін жеткізуде әлеуметтік медианың пайдасы мол. Мысалы, кандидаттар тікелей эфир арқылы өз бағдарламаларын таныстыра алады. Алайда, мәслихат депутаттығына үміткерлер үшін сайлауалды үгіт материалдарын таратып, үйді аралау технологиясы оң нәтиже береді», - деді Жанар Санхаева.



Сарапшының айтуынша, сайлаушыларға партиялық бәсекелестік неғұрлым түсінікті әрі жақын. Сондықтан бір мандатты кандидаттар өз округінің сайлаушыларымен белсенді жұмыс істеуі тиіс.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттарын сайлау аясында биыл 1 наурыз күні 7 саяси партия өкілдерінің арасында пікірсайыс өті. Пікірсайыс «Qazaqstan» Ұлттық арнасының тікелей эфирінде көрсетілді.

«Пікірталас – дауыс берушілерге негізгі мәселелер бойынша кандидаттардың позициясын салыстыруға мүмкіндік беретін сайлау науқанының маңызды бөлігі. Сондықтан науқан барысында әртүрлі форматтағы пікірталастардың өтуі маңызды. Өткен пікірталас партиялардың дайындығының жақсы деңгейін көрсетті. Жалпы, дебат қорытындысы бойынша дауыс берушілер үшін биылғы сайлау жарысы саяси бәсекелестік рухында өтетінін атап өтуге болады. Барлық партия жеңіске жетуге мүдделі», - деді ол.

Сонымен қатар, 10 наурызда КТК телеарнасының тікелей эфирінде пікірсайысқа 7 саяси партияның өкілдері қатысты. Осы орайда «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов келді.

Енді, саяси партиялар өкілдерінің арасындағы келесі пікірсайыс 16 наурызға белгіленді.

Партиялар қай салаларға басымдық беріп отыр

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Әмина Үрпекова еліміздегі сайлауалды науқанға баға берді.

«1 наурызда жеті саяси партия өкілдері арасында сайлауалды телевизиялық пікірсайыс өтті. Дебат барысында біраз эмоция мен қарсыластар арасындағы бәсекелестік байқалды. Пікірсайысқа қатысқандар көрерменнің назарын барынша аударуға тырысты. Бұл бір жағынан партияларға сайлауда дауыс жинауына жол ашса, екінші жағынан, кандидаттардың негізгі идеялары мен ұстанымдарымен танысу мүмкіндігі туды. Өткен пікірталас партиялардың негізгі бағыты мен әлеуметтік базасын тағы бір рет көрсетті. Сонымен қатар, дауыс жинау үшін күресте олардың негізгі қарсыластарын анықтады. Мәселен, бизнес қоғамдастық пен ауыл сайлаушыларының дауысы үшін бәсекелестікті атап өтуге болады», - деді Әмина Үрпекова.

Оның мәлімдеуінше, дебат барысында партия өкілдері әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштерге баса назар аудара отырып, нақты деректерді зерделегені байқалды.

Сарапшының айтуынша, бұл белгілі бір деңгейде сайлауалды дайындықты көрсетеді және 16 наурызда бұдан да қызық пікірсайыс күтіп тұр.

Фото: kisi.kz


«Бір мандатты округтер бойынша аралас сайлау жүйесіне көшу қазақстандықтардың азаматтық, саяси белсенділігін көрсетуге айтарлықтай серпін берді. Осы орайда 10 мыңнан астам азамат Мәжіліс пен мәслихаттар депутаты болып сайлануға өз құқығын пайдаланып отыр. Саяси сынға түсушілердің сайлау науқанында бәсекеге қабілеттілігі көптеген факторға байланысты. Атап айтқанда, кандидаттың және оның штабының мотивациясы мен көзқарасы, материалдық және адами ресурстары, науқанға дайындық деңгейі, креативі, шынайылығы тағы сол сияқты. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін теңгей пайдалануға кепілдік беріп отыр. Әділдікті барынша қамтамасыз ету үшін үгіт-насихат мәселелері реттеледі. Одан бөлек, әр кандидат сайлауалды науқан жұмысы үшін мемлекеттен тең сома алады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ҚСЗИ өкілі заңнамалық тұрғыдан барлық кандидаттың мүмкіндігі тең, ал науқанның нәтижесі үміткерлердің өзіне байланысты екенін айтты.

Мәжіліс депутаттарын сайлауда квота не үшін қажет

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Гүлмира Тоқанованың айтуынша, Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдарға саяси квота бекіту - пікірлер плюрализмін қамтамасыз етіп, біржақты көзқарасты жоюға бағытталған.

«Бұл сайлау науқанының маңызды ерекшелігі - партиялық тізімдердегі квотаның кеңеюі және депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны есепке алу нормасы. Биылдан бастап Мәжіліс депутаттарын сайлауда партиялық тізімге әйелдер мен жастардан бөлек, мүгедектігі бар жандар да саяси үдерістерге қатысуда қиындықтарды бастан кешіретін әлеуметтік санат ретінде енгізілуі тиіс. Квотаның кеңеюі саяси қатысудағы теңдік қағидаттарын және шешімдердің инклюзивтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Саяси квота тағайындаудың мақсаты - пікірлер плюрализмін қамтамасыз ету, біржақты көзқарасты жою және ортақ игілік үшін шешім қабылдауда мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету», - деп түсіндірді Гүлмира Тоқанова.

Фото: kisi.kz


Сарапшы пікірінше, Мәжілістегі депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны есепке алу – сайлау процесіне енгізілген басты әрі маңызды түзетудің бірі.

«Квотаны есепке алу түсініктемесі болмаса, квотаның мән-мағынасы жоғалатын еді. Бұл жерде бұрынғы қателіктер ескерілгені жайлы айта кету керек. Яғни әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота тек тізімдерді тіркеу кезінде ғана жүзеге асырылған еді. Енді, партиялық тізім бойынша сайлауға қатысу квотасы биліктің заң шығарушы тармағында бұрын өкілдік етпеген қоғамның топтары үшін саяси қатысу квотасына айналады. Квотаға мүгедектігі бар адамдарды енгізу және Мәжілістегі депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны есепке алу - азаматтардың заң шығару процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және бүкіл қазақстандық қоғамның мүдделерін қорғауға арналған. Квота механизмін жетілдірудің келесі қадамы мәслихаттардағы квотаны есепке алу нормасы болуы тиіс», - деді Гүлмира Тоқанова.

Айта кетейік, 2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет екенін айтқан еді.

Осы орайда Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлауды 2023 жылдың бірінші жартысында өткізу ұсынылды.

Ал биыл 19 қаңтарда Президент кезектен тыс сайлауды белгілеу туралы мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар