Сайлау-2023: БАҚ-қа 10 мыңға жуық үгіт-насихат материалы жарияланды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде БАҚ беттеріне жарияланған материалдардың қорытындысымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлауалды науқанына қатысты біздің министрлік алдына үш міндет қойды. Алдымен саяси партиялар мен сайлау алдындағы жарысқа қатысушыларға үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу. Үшіншіден, БАҚ пен онлайн-платформаларды пайдалануда заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Осы міндеттерді шешу үшін министрлік ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізді», - деді Қанат Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Вице-министр келтірген дерекке сәйкес, 18 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін мониторинг жүргізу барысында 576 республикалық және өңірлік БАҚ, оның ішінде 48 телеарна, 386 газет және 142 интернет-ресурс қамтылды.

Айтуынша, министрлік ақпарат кеңістігінің 95-96%-н қамтыды.

«Мониторинг қорытындысы бойынша үгіт-насихат науқаны кезінде БАҚ-та саяси партиялар мен сайлауалды штабтардың қызметіне арналған 10 мыңға жуық материал жарияланды. Оның ішінде 5 мыңнан астамы теледидарда, 2,5 мыңға жуығы баспа басылымдарында және 2,5 мыңы интернет – ресурстарда», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар